Accessibility links

АҚШ Йемендегі хуситтердің нысанына тағы бір рет соққы жасады


АҚШ Йемендегі хуситтердің нысанына тағы бір рет соққы жасады. Соққы жасағандар радар кешенін көздеген деп айтылады. Бұл жөнінде екі шенеунік және Америка ақпарат құралдарына сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.

Хуситтерге тиесілі "Әл-Масира" телеарнасы ел астанасында жарылыс дыбысы естілгенін хабарлады. Қалаға жақын Әл-Дайл әуе базасы шабуылға ұшыраған.

12 қаңтарға қараған түні АҚШ пен Ұлыбритания хуситтердің Йемендегі нысандарына соққы жасаған еді.

Пентагон мәліметінше, әскерилер 28 нысандағы 60 нысананы көздеген. Арасында радар, әуе қорғаныс жүйесі, қоймалар, дрон ұшыратын орындар, ракеталар бар. Хуситтер атқылаудан кейін бес әскери қызметкер қаза болғанын, алты адам жараланғанын хабарлады.

АҚШ президенті Джо Байден егер хуситтер экономикалық маңызды ауданда сауда және әскери кемелерді шабуылдауын тоқтатпаса, соққылар жалғаса беретінін ескертті. "Хуситтерді террористік топ атауға бола ма?" деген журналистердің сұрағына Байден "солай деп ойлаймын" деді. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді. 2021 жылы АҚШ хуситтерді террористер тізімінен алып тастаған – қазір оларды тізімге қайтаруы мүмкін.

Хуситтерді қолдайтын Иран, бұған қоса, Катар, Ресей, Сауд Арабиясы және Түркия АҚШ пен Ұлыбританияның соққысын айыптады. Хуситтердің өздері Израильге жол тартқан немесе сол жақтан келе жатқан кемелерді соққылай беретінін мәлімдеді. Йемендік хуситтер 2023 жылдың 19 қарашасынан бері батыс елдерінің сауда кемелеріне жарылғыш зат қойылған дрондар жіберіп жатыр. Хуситтер қолбасшысы осылайша Газа секторындағы Израильдің әскери операциясына қарсылық білдіретінін айтқан.

  • Хуситтер Йеменнің солтүстік бөлігін бақылауда ұстап отыр. Олар құрған үкіметті әлем елдерінің көбі мойындамаған.
  • Кейінгі кезде Қызыл теңізде атыс күн сайын болып жатыр. Израильге қатысы жоқ кемелер де атқылауға ұшырап жатыр. Атыс Еуропа мен Азия арасындағы маңызды бағыттар бойынша халықаралық саудаға кері әсерін тигізіп жатыр. Түрлі кеме компаниялары аймақтағы қызметін тоқтатты.
XS
SM
MD
LG