Тайванда президент сайлауы өтіп жатыр. Тайванды өзінің провинциясы санайтын Қытаймен қарым-қатынастың болашағы да сайлау нәтижесіне байланысты.
Президент сайлауына үш кандидат қатысып жатыр: Демократиялық ілгерілеу партиясы (соңғы сауалнамада алға озған) атынан – Лай Циндэ, Пекин қолдайтын кандидат Хоу Юи және Тайвань халық партиясынан – Кэ Вэньчжэ.
Кандидаттардың ешқайсысы Тайвань тәуелсіздігін жариялауды немесе аралды Қытайға қосу қажеттігін айтпаған.
64-жастағы Лай Циндэнің айтуынша, Тайвань егемен мемлекет, сондықтан оның тәуелсіздігін қайта жариялаудың қажеті жоқ. Қазіргі президент Цай Инвэнь де осындай ұстанымды қолдайды, Лай оның көмекшісі болған. Сайлау алдында Қытайда Лайды "қауіпті сепаратист" деп атап, онымен келіссөз жүргізуден бас тартқан. Лайдың өзі Қытаймен қарым-қатынасты "бауырластық" деп атағанмен аралдың қорғанысын нығайтуға уәде берген.
Оның қарсыласы Хоу Юи Лайдың Қытайға көзқарасы елді белгісіздікке ұрындырады, тіпті соғысқа да жетелеуі мүмкін деп айтқан. 55 жастағы Хоу Қытаймен тығыз қарым-қатынасты қолдайды, бірақ Тайванның егемендігі мен демократиялық құндылықтарын қорғауға уәде берген.
Үшінші кандидат 64-жастағы Кэ Вэньчжэ өзінің қарсыластары көзқарастарының "алтын ортасын" ұстанатынын жеткізген. Ол Лайды Қытаймен қарым-қатынаста "тым әскери" тұлға, ал Хоуды "тым көнгіш" деп атаған. Сайлауалды кампаниясында Кэ баспанаға қол жеткізу және жұмыссыздық мәселесіне баса назар аударып, жастар арасында көбірек қолдауға ие болған.
АҚШ сайлауда жеңген кез келген кандидатты қолдайтынын айтқан.
АҚШ президенті Джо Байденнің жоспарына сәйкес, жуырда аралға Америка делегациясы бармақ. Пекин Тайванды Қытайға күштеп қосу ниетін жоққа шығармайды.