Украина қарулы күштерінің қолбасшысы Валерий Залужный украиналық әскерилер Ресейдің А-50 барлау ұшағын атып түсіргенін, Ил-22М ұшағын бүлдіргенін мәлімдеді.
15 қаңтарға ауған түні Украина ақпарат құралдары Азов теңізінің үстінде Ресейдің А-50 барлау ұшағы атып түсірілгенін жазған еді.
А-50 ұшағы атып түсірілгенін, ИЛ-22М ұшағы зақымданғанын алдымен Жоғарғы рада депутаттары Юрий Мысягин мен Александр Федиенко телеграм-арналарында жариялаған.
"А-50 атып түсірілді, ал ИЛ-22 ұшағы бүлінді. А-50 ұшып бара жатқан, кейін жақын аэродромға жетуге тырысқанымен Керчь аймағында радардан жоғалып кетті" дейді Жоғарғы раданың қорғаныс жөніндегі комитет басшысының орынбасары Юрий Мысягин.
Артынша Украина әскерилері мен барлаушыларына сілтеме жасап, бұл ақпаратты "РБК-Украина" мен "Громадське" таратты. Сайттардың ақпаратынша, А-50 ұшағын атып түсірген, ал Ил-22М бүлінген.
"РБК-Украина" сайты "А-50 радардан жоғалып, ресейлік авиацияға жауап бермеген, кейін ресейлік Су-30 ұшағының пилоттары бір әуе ұшағы құлап, өртенгенін анықтаған" деп жазды.
Ресей қорғаныс министрлігі ұшақтарға соққы жасалғаны жайлы ақпаратқа ресми түрде ештеңе айтпады.
- Совет заманында жасалған А-50 – соққыға дайындалу я қарсыластың шабуылын ескерту үшін қолданылатын барлау ұшағы. Ресми дерек бойынша, Ресейде мұндай он шақты ұшақ бар. Бір А-50 ұшағының құны 330 млн долларға бағаланады.
- 2023 жылы ақпанда белорус белсенділері Мачулищи аэродромына жасалған диверсиядан А-50 ұшағы зақымданғанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР