Accessibility links

Қар құрсауында қалған Күршім ауданында төтенше жағдай жарияланды


Қалың қар жауған Күршім ауданында жол ашып жатқан техника. Шығыс Қазақстан облысы. 2024 жылғы қаңтар. Тұрғындар жіберген фото.
Қалың қар жауған Күршім ауданында жол ашып жатқан техника. Шығыс Қазақстан облысы. 2024 жылғы қаңтар. Тұрғындар жіберген фото.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында онға жуық ауыл 7 қаңтардан бері қар құрсауында отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, қардың қалыңдығы кейбір жерде екі метрге жетеді. Бүгін, 16 қаңтарда Күршім ауданы әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялағанын хабарлады.

Күршім ауданында жол қатынасы он күннен бері қиындаған. Кеше Төсқайың ауылында инсульт алған 71 жастағы адамға облыстың бас реаниматологы, мен фельдшері төтенше жағдай қызметкерлерінің жол талғамайтын көлігімен аттанғаны айтылған, бірақ жете алмаған. Бүгін облыс әкімдігі сырқатты облыс орталығына жеткізу үшін Өскеменнен тікұшақ шыққанын мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, науқас ауыр дәрежеде ишемиялық инсульт алған.

"Қазіргі уақытта 24 арнайы техника жолды күреп жатыр. Алайда боран қиындық тудырып жатыр. Ауыл тұрғындарына азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жіберілді" деп жазылған Шығыс Қазақстан әкімдігі таратқан ақпаратта.

Қалың қар онға тарта ауылды басып қалған. Халық "үй ауласына шыға алмай отырмыз, азық-түлік таусылуға жақын" деп дабыл қағады. Әлеуметтік желі қолданушылары тебіндегі аттардың омбы қардан шыға алмай жатқан видеосын жариялады. Кейбір ауыл адамдары "өрістегі жылқымыз аман ба, жоқ па, білмейміз" дейді. Әзірге мал шығыны туралы мәлімет жоқ.

14 қарашада шекарашылар Күршім ауданында аудан орталығына бара жатқан көліктен әйел мен баланы құтқарған. Олар жолда бір тәулік түнеген.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, кейінгі бір аптада облыстық, республикалық маңызды жолдар 28 рет жабылды. Көшкін қаупіне байланысты жасанды қар көшкіндері ұйымдастрылып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG