Accessibility links

Майқайыңдағы апатта жоғалғандардың туыстары іздеу жұмысын жылдамдатуды сұрады


Үйінді астында қалған Айдос Шаймерденнің туысы Нұрбақыт Сансызбаев.
Үйінді астында қалған Айдос Шаймерденнің туысы Нұрбақыт Сансызбаев.

11 күн бұрын Павлодар облысындағы алтын кеніші опырылып, шұңқырға құлаған автобус әлі табылмады. Көлікте болған екі адамды құтқарушылар іздеп жатыр. Олардың туыстары жақындарын іздеуге қоғамнан көмек сұрап, биліктен іздеу процесін жылдамдатуды талап етеді. Құтқарушылардың туыстары іздеу жұмысы тиімсіз жүріп жатыр дейді. Олар іздеу операциясына Павлодар облысы ғана емес, Қазақстанның басқа да облыстарынан төтенше жағдай қызметкерлері мен техника тартылуға тиіс деп санайды.

"Бізді көп адам көріп, естіп, көмек қолын созуы мүмкін. Олигархтар бар, мұндай жұмысты орындау үшін төменге түсетін жол талғамайтын көліктер бар шығар. Біз барып көрсек, топырақ шығарып жатыр. Күн сайын уәде береді. Егер сол жерде лауазымды адамдардың бірі болса, олар 3-4 сағатта болмаса да, 3-4 күнде шығарып алар еді. Олардың қалай қазатынын күтер болсақ, мұндай қарқынмен тағы бір айға созылады. Осындай сәтте бірігу керек, себебі билік 11 күн бойы ештеңе істей алмады" дейді үйінді астында қалған Айдос Шаймерденнің туысы Нұрбақыт Сансызбаев. Шаймерденнің кәмелет жасына толмаған бес баласы бар.

4 қаңтарда тау-кен құтқарушылары "Майкаинзолото" АҚ аумағындағы түтін жаққа барғанда шахта маңындағы тазарту кеңістігіне автобуспен құлап кеткен. Автобус ішінде 4 адам болды: Республикалық кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі орталық штабының Павлодар облыстық бөлімшесінде жұмыс істейтін үш құтқарушы мен көлік жүргізуші. Әзірге екі құтқарушының мәйіті табылды, туыстары оларды жер қойнына тапсырды. Үйінді астында екі адам қалды. 15 қаңтарда желіде бақылау камерасына түсірілген жаңа видео жарияланды, онда қараңғыда жүріп бара жатқан техникалардың жарығы көрінеді, біраз уақыттан кейін видеода автобус төменге құлап кетеді.

"Бізді штабқа кіргізбейді, аумаққа да кіру қиын. Күн сайын үміттеніп барамыз. Ағамызды құтқару үшін, не адамша жерлеу үшін тезірек алып шыққанын қалаймыз. Кедергі келтірмесін деп жақында бізді қамап қоятын сияқты. Мұнда құтқарушылардан гөрі полиция көп. Керісінше болуы керек еді. Бүкіл ел дабыл қағуы керек, бізде ТЖМ дайын емес. Меніңше, жоғарыдан қандай да бір жолмен түсу керек. Түркияда, Ресейде осындай қиындыққа тап болған адамдар бар деп ойлаймын. Қалай екенін көрсетіп, айту керек. Басқа нұсқасын бізге әлі ешкім айтпады. Олар көлік жүргізгенде жолда тіпті жарық болмағанын білемін. Біз тергеудің жан-жақты болғанын қалаймыз" дейді жоғалған құтқарушының ағасы Нұрбақыт Сансызбаев Азаттыққа.

Азаттық тілшісі Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметіне іздеу процесінің егжей-тегжейі туралы хабарлауды және жоғалған адамдардың туыстары айтқан шағымға пікір беруді сұрады. Министрлік үйінді астында қалған адамдарды іздеп жатқан құтқарушыларға қауіп төніп тұрғанын, салдарынан құтқару жұмысы созылғанын айтады.

"Қолдан келгенше, қауіпсіздік шараларына сәйкес, жұмыс істеп жатыр. Шұңқырдың ортасына жеткенде топырақ сырғып, қауіп ұлғаяды. Оны уақытылы анықтау үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатыр" деді ТЖМ баспасөз қызметі Азаттыққа.

ТЖМ апат орнында техникаға арналған жолды кеңейтіп жатыр деп хабарлады. Министрлік мәліметінше, қазір онда тәулік бойы 20 ауыр техника жұмыс істейді. Осыған дейін 180 тоннадан астам топырақ пен тау жынысы шығарылған. Іздеу-құтқару жұмысына 142 адам, 50 техника, 3 кинологиялық есептоп және 2 дрон жұмылдырылған.

ТЖМ сайтында іздеу туралы кейінгі ақпарат 11 қаңтарда шыққан. Сол кезде апат орнына шағын экскаватор келгенін хабарланды. ТЖМ мәліметінше, Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары шұңқырдың түбінде маркшейдер рейкасын орнатып, автобустың ықтимал орнын анықтауға тырысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG