Accessibility links

Алматыда Wolt компаниясының курьерлері жалақыны көбейтуді талап етеді


Wolt компаниясының курьерлерінің наразылығы. Алматы, 16 қаңтар 2024 жыл.
Wolt компаниясының курьерлерінің наразылығы. Алматы, 16 қаңтар 2024 жыл.

16 қаңтарда Алматыда Wolt жеткізу қызметінің елуден аса курьері жалақыны көбейтуді талап етіп, компания алдына қайта наразылыққа шықты.

Курьерлер қаңтар айынан бастап табысы төмендегенін, бонус жүйесі тоқтағанын айтады. Наразылардың сөзінше, Wolt арнайы бонустарды (қар, жаңбыр жауған кезде қосатын арнайы төлемдер, көп тапсырыс орындағанда беретін қосымша төлемдер) алып тастаған. Олар айлықтың өсуін, жалақының шақырымға сәйкес төленуін, базалық төлемнің өскенін талап етеді.

Курьерлер 15 қаңтарда жалақы мәселесі бойынша компания алдына жиналып, кейін бірнеше адам басшылықпен кездесуге кірген еді. Компания курьерлер талабына ертесіне жауап беретінін айтқан. 16 қаңтарда Wolt өкілі курьерлерге мәселе бойынша компанияның Финляндиядағы бас кеңсесімен сөйлескенін, олар наразыларға 23 қаңтарға дейін жауап беретінін айтқан. Алайда курьерлер бұған келіспеді. Олар "бұл — тым ұзақ уақыт, күте алмаймыз, талабымыз тез орындалсын" дейді. Wolt курьерлері басшылық сөзіне сенбейді, олар "уақытты созу түсу үшін компания осылай жауап берді" деді.

Компания алдына қайта жиналған наразыларға Wolt кеңсесінен ешкім шықпады. Есік алдында тұрған күзет іште адам жоқ екенін айтып, ешкімді кіргізбеді.

"Власть" сайтының жазуынша, Алматы қаласы Алмалы ауданының ішкі саясат басқармасының бастығы Wolt курьерлерімен кездесіп, олардың "жиындарының заңсыз екенін айтып", ескерту жасап кетті. Осыдан соң курьерлер тарай бастады. Олар Азаттық тілшісіне "биліктің қысымына шыдамай тарап жатқандарын" айтты.

Курьерлер наразылығын полиция бақылап тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG