Accessibility links

Экс-министр Бишімбаев "Қинау" және "Аса қатыгездікпен адам өлтіру" бабымен айыпталған


Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев. 2018 жылғы фото.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев. 2018 жылғы фото.

Тергеу Салтанат Нүкенованың өліміне күдікті бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қылмыстық кодекстің "Қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "Аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) бабы бойынша айыпталған. Бұл туралы 16 қаңтарда ішкі істер министрлігінің ресми жауабына сүйенген "Власть" сайты хабарлады.

Бір апта бұрын жәбірленуші тараптың адвокаты Бишібаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істің тергеуі аяқталғанын айтқан еді. Ведомство Бишімбаев ісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді.

Министрлік "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысына қатысты Қылмыстық кодекстің "Қылмысты жасырып қалу" (432-бап) және "Қылмысты хабарламау" бабы (434-бап) бойынша тергеуді аяқтағанын да мәлімдеді. Бұған дейін оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Қауiптi жағдайда қалдыру" бабы (119-бап) бойынша із қозғалғаны айтылған.

Салтанат Нүкенованы күйеуі Бишімбаев "Гастро-орталықтағы" "Бау" мейрамханасында соққыға жыққан.

ІІМ мәліметінше, процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр, кейін оны прокуратураға жібереді. Одан кейін сот болуы тиіс. Министрлік тергеу мүддесіне сай қалған ақпаратты жариялауға тыйым салынғанын айтқан.

Былтыр 9 қарашада Астанадағы ресторандардың бірінде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза тапқан. 11 қарашада Бишімбаев бұл қазаға күдікті ретінде екі айға қамалған. Осы оқиғадан соң Астанадағы ресторанның директоры, Бишімбаевтың туысы да қамалды.

Бұл оқиғадан кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтылды. 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі "ерекше бақылауда ұстауда" тапсырғанын Ақорда жазды.

Бишімбаев 2018 жылы жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев оған кешірім берген еді. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты түрде қамаудан шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG