Accessibility links

Қырғызстанда ІІМ-ге жеткізілген журналистер 48 сағатқа қамалды


Temirov LIVE жобасының қазіргі және бұрынғы тілшілері.
Temirov LIVE жобасының қазіргі және бұрынғы тілшілері.

16 қаңтарда ішкі істер министрлігінің тергеу қызметіне жеткізілген 11 журналист пен белсенді уақытша қамау изоляторына қамалды.

Бастапқыда полиция Temirov LIVE жобасының тілшісі Айке Бейшекеев, жобаның бұрынғы тілшісі Жоодар Бузумов, "Айт, Айт Десе" және Temirov LIVE жобаларының директоры, журналист-зерттеуші Болот Теміровтің (сот шешімімен Қырғызстаннан қуылған) әйелі Махаббат Тәжібекқызы және редакцияның тағы бір қызметкері Мақсат Тәжібекұлын ұстаған.

Адвокат Замир Жоошев Facebook-те жариялаған ақпаратқа қарағанда олармен бірге Сапар Акунбеков, Азамат Ишенбеков, Сайпидин Сұлтанәлиев, Ақтілек Қапаров, Жұмабек Турдалиев және Ақыл Орозбеков ұсталған.

Одан бөлек, "ПолитКлиника" тәуелсіз басылымының қызметкері Тыныстан Асыпбек 48 сағатқа қамалған.

Қырғызстан ІІМ ұсталғандардың үйлерін тінткен соң тергеу амалдары "Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау, жаппай тәртіпсіздікке үндеу" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында жүргенін хабарлады. 30 желтоқсанда милиция қызметкерлері зерттеу жобасынан "наразылыққа үндеген" ақпарат тапқан-мыс. Қылмыстық кодекске сәйкес, журналистерге 8 жыл түрме жазасы төніп тұр.

Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары, белсенділер, заңгерлер Қырғызстандағы кейінгі оқиғаларға алаңдаушылық білдірді. БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының кеңсесі X желісінде Қырғызстанда журналистердің ұсталуы мен тәуелсіз БАҚ-ты тінтуге алаңдаушылық білдіріп, Қырғызстанды пікір еркіндігін сақтауға үндеді.

Temirov LIVE жобасы қызметкерлерінің үйлерін полиция 16 қаңтарда ерте таңертең тінткен. ІІМ мәліметінше, олардың үйлері мен кеңседен 162 зат тәркіленген — компьютерлер, ноутбуктар, ұялы телефон, өзге техника және банк карталары.

Жуырда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті 24.kg ақпарат агенттігінің редакциясын тінткен. Агенттіктің бас директоры Әсел Оторбаева, бас редактор Антон Лымарь және шеф-редактор Махинур Ниязова тергеуге әкеткен. Ізінше оларды босатқан. Журналистер "соғысты насихаттау" қылмыстық ісі бойынша куәгер атанған. Журналистердің сөзінше, оған 24.kg сайтындағы соғыс туралы мақала түрткі болған.

Қырғызстанда журналистерге қудалай күшейіп, ақпарат құралдарына қысым көбейген шақта 2023 жылы Орталық Азия елі Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде қатарынан 50 орынға төмен түсіп, бірден 72 орыннан 122-ге сырғыған.

XS
SM
MD
LG