Accessibility links

Қырғызстанда 11 журналист екі айға қамауға алынды


Temirov LIVE жобасының қамауға алынған қазіргі және бұрынғы қызметкерлері.
Temirov LIVE жобасының қамауға алынған қазіргі және бұрынғы қызметкерлері.

17 қаңтарда Бішкектің Бірінші май аудандық сотының шешімі бойынша тәуелсіз медиада жұмыс істейтін 11 журналист екі айға қамауға алынды. Олар 13 наурызға дейін тергеу абақтысында отырады.

Қамалғандардың тізімін Азаттықтың Қырғыз қызметі жариялады:

  • Махабат Тәжібекқызы – Тemirov LIVE жобасының директоры, журналист-зерттеуші Болот Теміровтің әйелі;
  • Сапар Ақынбеков – Тemirov LIVE және "Айт, Айт Десе" редакциясының қызметкері;
  • Азамат Ишенбеков – Тemirov LIVE және "Айт, Айт Десе" редакциясының қызметкері;
  • Айке Бейшекеева – Тemirov LIVE редакциясының қызметкері;
  • Мақсат Тәжібекұлы – Тemirov LIVE редакциясының қызметкері;
  • Ақыл Орозбеков – Тemirov LIVE редакциясының қызметкері;
  • Тыныстан Асыпбек – Тemirov LIVE редакциясының бұрынғы қызметкері, қазір "ПолитКлиника" басылымында істейді;
  • Ақтілек Капаров – Тemirov LIVE редакциясының бұрынғы қызметкері, қазір "Алға Медиада" істейді;
  • Сайпидин Султаналиев – Тemirov LIVE редакциясының бұрынғы қызметкері, қазір "Арча Медиада" (NextTV) істейді;
  • Жоодар Бузумов – Тemirov LIVE редакциясының бұрынғы қызметкері;
  • Жұмабек Турдалиев.

Аталған журналистер 16 қаңтарда ұсталған.

Ішкі істер министрлігі олардың "жаппай тәртіпсіздік" және "билік өкілдерінің талаптарына бағынбау және жаппай тәртіпсіздікке шақыру" баптары бойынша ұсталғанын мәлімдеген. Ұсталғандардың барлығы бұған дейін тағылған айыппен келіспейтінін айтқан.

Қылмыстық іске "Айт, Айт Десе" жобасының 2023 жылы күзде YouTube-те жариялаған видеоларының бірі түрткі болған. ІІМ-нің айтуынша, сарапшылар одан "жаппай тәртіпсіздікке шақыру" белгісін тапқан. Ведомство әзірге істің жай-жапсарын түсіндірмеді.

Temirov LIVE жобасы қызметкерлерінің үйлерін полиция 16 қаңтарда ерте таңертең тінткен. ІІМ мәліметінше, олардың үйлері мен кеңседен 162 зат тәркіленген — компьютерлер, ноутбуктар, ұялы телефон, өзге техника және банк карталары.

Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары, белсенділер мен заңгерлер Қырғызстанда кейінгі болған оқиғаларға алаңдаушылық білдірді.

Қырғызстанда журналистерге қудалау күшейіп, ақпарат құралдарына қысым көбейген шақта 2023 жылы Орталық Азия елі Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде қатарынан 50 орынға төмен түсіп, бірден 72 орыннан 122-ге сырғыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG