Accessibility links

Айдос Мелдехан: Алматы әуежайынан Астанадағы сотқа ұшуға мүмкіндік бермеді


Айдос Мелдехан.
Айдос Мелдехан.

Қанды Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан "қауіпсіздік қызметі өзін Астанадағы сотқа әр нәрсені сылтауратып ұшыртпай қойғанын" хабарлады. Бүгін, 18 қаңтарда сағат 10-да Астана әскери сотында Айкөркемнің өліміне қатысты сот отырысы өтуі тиіс болған.

"Ұша алмай қалдым. Бүгін сағат 5:40-та ұшуға тиіс едім. Қауіпсіздік қызметі адамдары мені шақырып алып, ананы тексереді, мынаны тексереді. Ананы шұқылайды, мынаны шұқылайды. Сыбыр-сыбыр. "Ұшақтан қалып қоятын болдым" десем, "жоқ, қорықпаңыз" деді. Ақыры босатты. Барсам, ұшақ ұшып кеткен" деді Айдос Мелдехан Азаттыққа.

Алматы әуежайы баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне жолаушыны әдейі 40 минут кешіктіруге ешкімнің қақы жоқ екенін айтты. Ол Айдос Мелдехан шағым жазса әуежайдағы видеокамера жазбаларын тексеріп, оқиғаның анық-қанығына көз жеткізуге болатынын айтты.

Айдос Мелдеханның адвокаты Жан Күнсеркин Азаттыққа сотты кейінге қалдыру туралы өтініш түсіретінін, әзірге қандай шешім қабылданатынын білмейтінін, сот жәбірленушісіз өтуі мүмкін екенін айтты.

Айкөркем ісі бойынша Алматы гарнизонының соты Қаңтар оқиғасы кезінде "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманды ақтап шығарған. Бұл үкім қоғамда қатты сыналды.

Жәбірленуші тарап айыпталушының әрекетін сотта "өкілетін асыра пайдалану" бабымен емес, "адам өлтіру" бабымен қарауды және іске куәгер болып қатысып отырған бірнеше адамды жауапқа тартуды талап еткен.

Бас әскери прокуратура үкіммен келіспейтінін, прокурор сот шешіміне қарсылық білдіретінін сайтына жазған.

18 қаңтарда Астана әскери сотында өтетін сот отырысына прокуратура шағымы негіз болған.

P.s: Сотқа негізгі жауапкер Арман Жұман келмегендіктен сот отырысы 24 қаңтарға ауыстырылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG