Accessibility links

Парламенттің бірлескен отырысы: Депутаттар бітімгер күштерді жіберу мәселесін қарайды


19 қаңтарда парламенттің бірлескен отырысында депутаттар бітімгер күштерді жіберу мәселесін қарайды, деп мәлімдеді бейсенбі күні сенат депутаты Ақмарал Әлназарова журналистерге. Оның сөзінен жергілікті ақпарат агенттіктері үзінді келтіреді.

"БҰҰ айқындайтын ҚР бітімгер күштерін жіберу мәселесі көтеріледі. Тұтас алғанда бұл шешімді мемлекет басшысының ұсынысымен парламент қабылдайды. Сондықтан Конституцияның 53-бабына сәйкес осы мәселе күн тәртібіне енгізіледі" деді Әлназарова.

Депутат нақты қай елге Қазақстан бітімгер күштері жіберілейін деп отырғанын айтпады.

"Әзірге айта алмаймын. Жалпы бұл [бұрыннан] бар тәжірибе, Қазақстан өз бітімгер күштерін жіберіп жатыр... Қазір БҰҰ анықтады, ертең отырыста бәріміз бірге естиміз" деді депутат.

2015 жылы қабылданған "Бітімгерлік қызмет туралы" заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды.

Президенттің қарулы күштерді бітімгерлік операцияға жіберу-жібермеу туралы шешімді қабылдауға құқығы бар. Бұған қоса, әскерді мерзімінен бұрын қайтару немесе шұғыл эвакуациялау туралы шешімдерді де президент қабылдай алады.

Қазақстандық бітімгерлердің белгілі бір операцияға қатысу мәселесі Астанамен жасалған халықаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан бұған дейін Ливанға бітімгер күштерін жіберген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG