Accessibility links

Маңғыстауда қырылған аққулардың саны мыңнан асты


18 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, Маңғыстауда қырылған аққулардың саны 1018-ге жеткен: 41-і – Қарақия ауданындағы теңіз жағасынан, қалғаны Қаракөлден табылған. Бұл жөнінде Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау экобелсенділері және Алматыдан шақырылған орнитологтармен кездесіп, Қаракөлдегі аққулардың қырылуын талқылаған. Кездесуде аққулар "құс тұмауынан қырылып жатқаны" айтылған.

Кездесуге қатысқан мамандар "құстың қырылуына Rixos қонақүйінен аққан қалдық су әсер етпейді" деген.

"[Қалдық су] көлдің биохимиялық құрамына қатты әсер етпейді. Көлге түсетін органикалық заттардың зияны жоқ, керісінше, олар көмектеседі. Зиян тигізер болса, аққулар ғана емес, басқа да құстар қырылатын еді" дейді биология ғылымдарының кандидаты, орнитолог және тәуелсіз сарапшы Виктория Ковшарь.

Бұған дейін Rixos Water World Aktau қонақүйінің өкілі аққулар жаппай қырылған Қаракөлге қонақүйдің "тазартылған" қалдық суы төгілгенін растаған еді. Қонақүйде кезектен тыс тексеріс басталғаны хабарланды. Әзірге нәтижесі жарияланбады.

Осыған дейін желіде Қаракөлге қара қошқыл сұйықтықтың төгіліп жатқаны жөнінде кадрлар пайда болған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған қалдық су төгілуі мүмкін екені айтылды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі басқармасының бұрынғы жетекшісі, "Табиғат" республикалық аңшылар қауымдастығының вице-президенті Айтуар Туғанбеков әлеуметтік желіде кезінде министрлікке қалдық суды Қаракөлге құюды қарастыратын Rixos қонақүй жобасы түскенін, оған түбегейлі түрде қарсы болғанын жазған еді. Алайда оның айтуынша, "Rixos өз адамдарын салып" ақыры құжат мақұлданған.

"Соңғы бес жылда көлдің экологиялық жағдайы нашарлады. Бұл жақын аумақта көптеген ластаушы орындармен байланысты. Бұл менің ғана пікірім емес, мемлекеттік органдардың тексерістері болды, белсенділер де мәселе көтерді: оған Rixos қонақ үйі [қатты әсер етіп отыр]. Бұл көл халықаралық маңызы бар бағалы сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізуге ұсынылған.... Қазір не көріп отырмыз? Сүзгі қалыпты жұмыс істемейді. Ол жақта қонақүйдің көлді қатты былғап жатқаны тіркелген. Қазір білуімше, тексеріс болып жатыр. Ол сапалы болады деп үміттенемін. Бұл келеңсіз әрекетті зерттеп, оларды қандай да бір шара қабылдауға мәжбүрлеу керек" деп мәлімдеді министрліктің бұрынғы өкілі Айтуар Туғанбеков 12 қаңтарда.

Ресми мәлімет бойынша, бастапқы тексеріс қорытындысы "аққулар құс тұмауынан өлген" болуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін мамандар "құстар жем таппай суықта қырылған" деген тұжырым жасаған.

Қаракөл – Ақтаудың оңтүстік-шығысынан шамамен он шақырым жерде орналасқан жасанды көл. 1967 жылы Маңғыстау атом-энергетика комбинатының тұндырғысы ретінде пайда болған. Республикалық маңызы бар Қаракие-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық резерватының ерекше қорғалатын табиғи аймағы саналады және Қазақстандағы ерекше қорғалатын орнитология орындарының қатарына кіреді. Жыл сайын көлде ондаған мың құс қыстап шығады. Бұл жерді Қызыл кітапқа енген 200-ден астам құс мекендейді деп айтылады.

Қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының "жұртшылығы" алдында сөйлеген кезде Қаракөлді "қайталанбас су қоймасы" деп атап, оны қорғауға үндеген.

Rixos Water World Aktau қонақүйі — "барлығы ішінде" атты жүйе бойынша істейтін Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. 2020 жылы тамызда ашылған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Оны Қазақстан билігінің ұсынысымен Sembol Construction and Engineering компаниясы салған.

Бұған дейін Азаттық бұл қонақүйді салған 20 жылға жуық уақыт ішінде елдегі ең бай шетелдік кәсіпкерге айналған Феттах Таминже мен экс-президентті не байланыстыратыны жөнінде зерттеу жариялаған. Кәсіпкер мен президент 2000 жылдардың басынан бері таныс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG