Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовке қатысы бар болуы мүмкін видеодан соң қызметтік тексеру басталды. Даулы видео желіде бейсенбі күні, 18 қаңтарда кешке жарияланған. Камераға "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Руслан Әжниязовтың әкімдік қызметкеріне конверт беріп жатқан сәті түсіп қалған.
Руслан Әжниязовтан конверт алған азамат (желіде әкім орынбасарының көмекшісі екені айтылды, алайда әкімдік көмекші екенін терістеді) бұрын Ақтөбеде әкімдігінде жұмыс істеген. Мұны Асхат Шахаровтың баспасөз хатшысы растады. Оның сөзінше, видеодағы қызметкер 2024 жылдың 8 қаңтарында жұмыстан шығып кеткен.
– Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің бұл іске қатысы бар-жоғын білмейміз. Оны тексеру анықтайды, – деп хабарлады Ақтөбе әкімдігі.
Желіде тарап кеткен даулы видео авторы 2023 жылғы 29 желтоқсан күні "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының оннан астам қызметкеріне 2-3 айлық көлемінде сыйақы берілгенін, оны Руслан Әжниязов жинап алып, Ғалымжан Елеуовтің көмекшісіне апарып бергені жазылған. Корпорация қызметкерлерінен жиналған сыйақы көлемі – 12 млн теңгеге жуық екені де айтылған.
"Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Нарек Гегамянның айтуынша, видеодағы әкімдік қызметкеріне конверт берген адам – Руслан Әжниязов. Ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында төрағаның бірінші орынбасары.
– Әжниязовқа қатысты қызметтік тексеру басталды, – деп хабарлады Гегамян.
"Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Нарек Гегамян "Бұл қызметке жақында тағайындалдым. Әлі сынақ мерзімі аяқталған жоқ. Ал, сыйақыға келер болсақ, жыл соңында қызметкерлерге сыйақы берілгені рас. Еңбек заңдылығы қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салмайды. Бірақ кімге қанша сыйақы берілгенін білмеймін" деді.
Бұл – "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясындағы алғашқы дау емес. Былтыр 10 қазан күні осы мекеменің экс-басшысы Ермек Имантаев 8 жылға сотталды. Тергеу Имантаевты "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына басшылық еткен кезде "мемлекетке тиесілі 23,9 гектар жерді заңсыз сатып жіберді" деп айыптады. Келтірілген шығын 199 млн 400 мың теңгеге бағаланған.
Ермек Имантаев өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспейді. Оның айтуынша, жер учаскесін сату туралы шешімді "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бірнеше қызметкері бірге қабылдаған. Бірақ тек Имантаев қана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сегіз жылға сотталған Ермек Имантаев "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын 2019 жылғы қараша мен 2021 жылғы наурыз айы аралығында басқарған.
ПІКІРЛЕР