Accessibility links

Тоқаев пен Италияның премьер-министрі екіжақты әріптестікті талқылады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони. Рим, 18 қаңтар 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони. Рим, 18 қаңтар 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға сапарының нәтижесінде екі ел арасында бірқатар құжаттарға қол қойылып, ортақ мәлімдеме жасалды. Италия үкіметінің сайтында жарияланған ортақ мәлімдемеде әріптестіктің негізгі салалары ретінде энергетика, табиғи ресурстарды барлау мен игеру және өзге салалар аталған.

Онда Қазақстан мен Италия үкіметтері арасында "сауда және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мен инвестициялық климаттың жақсаруына ықпал ететін" инвестицияны қорғау мен қолдау бойынша келіссөздердің маңыздылығы атап өтілген.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы кездесу 18 қаңтарда Италия премьер-министрінің резиденциясында өткен.

Ақорданың хабарлауынша, кездесу барысында "сауда-экономика, инвестиция, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, мәдениет-гуманитария, білім салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету" сонымен бірге жасыл энергетика мен ел астаналары арасында әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Кездесу кезінде қазақстандық "Самұрық-Қазына" және италиялық Cassa Depositi i Prestiti компаниялар тобы арасында ортақ инвестициялық қор құру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика және логистиканы инвестициялау бойынша келісімге қол қойылған.

Қазақстандық "ҚазМұнайГаз" және италиялық ENI компаниялары арасында гибридтік электр станцияларының құрылысы жобаларын жүзеге асыру бойынша шешім қабылданған. Одан бөлек, "Самұрық-Энерго" және италиялық Ansaldo Energia SpA компаниялары арасында Алматының жылу электр орталығын (ТЭЦ-3) қайта жөндеуді қарастыратын келісім жасалған.

Бейсенбі күні сонымен бірге Тоқаев пен Италия басшысы Серджо Маттарелло арасында келіссөз өтті. Қазақстан президенті инвестиция туралы дөңгелек үстелге қатысып, италиялық компаниялардың менеджерлерімен кездескен. Дөңгелек үстел барысында сөйлеген Тоқаев "жуық арада" Қазақстанда "маңызды түбегейлі" реформалар басталатынын, ол Қазақстан экономикасын "бұдан да ашық, тұрақты әрі қарқынды" етеді деп мәлімдеген.

19 қаңтарда Қазақстан президенті Ватиканға барып, онда Рим папасы Францискпен кездеседі.

Италия Қазақстанның Еуроодақтағы ірі сауда әріптесі және Қазақстан экономикасының басты инвесторларының бірі саналады. Қазақстан нарығында шамамен 300 италиялық компания істейді. Арасында Eni мұнай-газ компаниясы да бар. Қазақстанның ресми органдарының мәліметі бойынша, 2023 жылы өзара сауда айналымы 14,5 млрд доллар болған.

XS
SM
MD
LG