Accessibility links

Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Елдің басым бөлігінде сағат артқа жылжиды


Алакөл. Көрнекі срует.
Алакөл. Көрнекі срует.

Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті.

Осылайша 1 наурыз сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытуға тиіс.

2023 жылы желтоқсан басында үкімет қаулысының жобасы талқылауға шығарылған еді.

"Қазіргі кезде Қазақстан азаматтарының едәуір бөлігі (Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының, Астана және Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары) өзінің географиялық уақытынан озып-UTC+6 әкімшілік уақыт белдеуі бойынша өмір сүреді. Аумақтық көрсетілген аймақтар UTC + 5 уақыт белдеуінде орналасқан" деп жазылған жобаның түсіндірмесінде.

Онда "уақыттың алда болуы бірқатар аурулардың өршуіне ықпал ететіні" жазылған.

"Ең алдымен, шаршаңқы көңіл-күй, ақыл-ой және тән еңбегіне қабілеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, ас қорыту жүйесінің бұзылуы сияқты жайттарды атап өту қажет. Осыны ескеріп, 2018 жылы Қызылорда облысында жергілікті уақыт 1 сағат кейінге жылжытылды. Аталған мәселені пысықтау мақсатында сауда және интеграция министрлігі жанынан тиісті жұмыс тобы құрылды, оның құрамына 60-тан астам мүше, оның ішінде парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың көпшілігі, ғылыми институттар, медициналық жоғары оқу орындары мен қоғам қайраткерлері кірді" деп жазылған хабарламада.

Кейбір қазақстандықтар бұл өзгеріске қарсы болған. Кейбірі сағат артқа жылжыса, Алматы мен Орталық Қазақстанда, ШҚО-да қазақстандықтар "күндіз ұйықтап, жарты күнін қараңғыда өткізеді" деп жазды жоба астына. Кейбір қолданушылар "Қазақстан аумағы үшін бір уақыт белдеуі аздық етеді, кемінде үш уақыт белдеуі болуы керек" деп жазды.

Видео: Уақыт белдеуін өзгерту Шығыс Қазақстан халқына қалай әсер етеді? (21 желтоқсан 2023 жыл).

Уақыт белдеуін өзгерту Шығыс Қазақстан халқына қалай әсер етеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:21 0:00

Қазақстанда қазір екі уақыт белдеуі бар (UTC+5, UTC+6). Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары – 4-ші сағат белдеуінде (UTC+4+1). Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-ші сағат белдеуіне (UTC+5+1) жатады.

2005 жылға дейін Қазақстанда жыл сайын жазғы уақытқа ауысу режимі күшінде болған.

XS
SM
MD
LG