Accessibility links

Андрей Ермак: Украина соғыста қорғанысқа көшу идеясынан бас тартады


Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак. Вашингтон, 5 желтоқсан 2023 жыл.
Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак. Вашингтон, 5 желтоқсан 2023 жыл.

Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Украина Ресеймен соғыста стратегиялық қорғанысқа көшеді деген идеяны жоққа шығарды. Бұл жөнінде ол француздың Le Figaro басылымына берген сұхбатында мәлімдеген. Сұхбат сілтемесін ол телеграм-арнасында жариялады.

Ермактың пікірінше, Украина қорғаныспен ғана шектеле алмайды, себебі мұндай тактика соғыста үзіліс жариялауға жол ашуы мүмкін. "Біз Путинмен соғыста үзіліс жариялауға ешқашан келіспейміз" деді Ермак.

Украина басшысы Владимир Зеленский соғыста майданның қазіргі сызығында "үзіліс жариялауға" қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеген, себебі оның пікірінше, бұл Ресейге ыңғайлы – бұл оған қайта күш жинап, әскери өндірісті қалпына келтіріп, жаңа соққы жасауға мүмкіндік береді.

Дегенмен Ермак қазір майданда жағдай күрделі екенін мойындады: Украина әскеріне адам мен ресурстар жетпей жатыр. Олар "бұдан әрі шабуыл жасай алмайтынын" жеткізді. Украина әскері 2023 жылы жазда қайта шабуылға шығып, шектеулі жетістіктерге жеткен. Ал кейінгі аптада майданда негізінен Ресей әскері шабуылдап жатыр. Бірақ олардың да қарқыны бәсеңдеген.

Ермактың сөзінше, қазір Украинада мобилизация туралы заң жобасы мен жаңа әскери стратегия талқыланып жатыр. Бірақ оның мәніне Ермак тоқталған жоқ.

Украина басшылығы Батыс елдерін Киевті қолдауды күшейтуге, атап айтқанда қару-жарақ жеткізуге шақырып жатыр. Киевтің айтуынша, украин әскері тиісті дәрежеде қару-жарақпен (әуе қорғаныс құралдары, алыс аумақтан ататын қарулар) қамтамасыз етілсе, олар Ресей әскерін жеңе алады.

Сенбі күні дереккөзге сүйенген NBC News телеарнасы АҚШ президенті Джо Байденнің конгресс жетекшілерімен кездесіу кезінде Украинаға көмек мәселесі талқыланғанын хабарлады. АҚШ президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан және ұлттық барлау қызметінің директоры Аврил Хейнс егер АҚШ Украинаға көмектеспесе, жақын арада украин әскері жеңіліске ұшырайды деп мәлімдеді, конгресс әлі күнге дейін президент әкімшілігінің осы мақсатқа 60 млрд доллардан астам қаражат бөлу туралы өтінішін мақұлдаған жоқ.

NBC News телеарнасының айтуынша, президент әкімшілік өкілдері АҚШ Украинаға көмек бермесе, бұл Вашингтон мен Оңтүстік Корея, Жапония арасындағы қарым-қатынасқа да салқынын тигізеді, жалпы АҚШ-тың әлемдегі позициясын әлсіретеді.

  • Салливан және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы аптада Давос экономикалық форумында Зеленскиймен кездескен. Олар Вашингтон бұдан әрі қарай да Украинаны қолдай беретінін айтқан. Бірқатар ақпарат құралдары дереккөзге сүйене отырып, Салливан Зеленскийге Украина қорғанысқа көшкені абзал деп айтқанын жазды. Ресми түрде бұл хабарланбады.
  • Financial Times басылымы осы аптада Украинаның 2024 жылғы стратегиясы қарсылас тараптың әлсіз тұстарын соққылап отырудан да құралған "белсенді қорғаныс" болады деп жазды. Ресми түрде бұл расталмады.
XS
SM
MD
LG