Accessibility links

НАТО өкілі әскери жаттығу қарсаңында: Батыс елдері Ресеймен соғысқа дайын болуға тиіс


Латвиядағы бұрынғы совет қалашығы маңында әскери жаттығу өткізіп жатқан НАТО күштері. 2018 жыл.
Латвиядағы бұрынғы совет қалашығы маңында әскери жаттығу өткізіп жатқан НАТО күштері. 2018 жыл.

НАТО кез келген күтпеген қақтығысқа, оның арасында Ресеймен соғыс та бар, дайындықты күшейту керек. Мәскеудің Украинаға басқыншылығына екі жыл толар шақта Украинаның кейбір батыс одақтастарынан "саяси тұрғыда жалығу белгілері" байқалған.

"Біздің бейбіт жағдайда өмір сүруіміз өзінен-өзі болып жатпағанын түсінуіміз керек. Сондықтан [НАТО күштері] Ресеймен соғысқа дайындаламыз" деді Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі әскери жаттығу қарсаңында НАТО-ның әскери комитетінің жетекшісі Роб Бауэр.

Әскери одақтың соғысқа дайындығы жоғары деңгейде болуы керек деді Бауэр.

"Болашақта толық тиімді әрекет ете білу үшін НАТО-ның әскери трансформациясы қажет" деді ол.

Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус те Украинадағы соғыс көрші елдерге жайылуы мүмкін екенін ескертті.

"Біз Кремльден қоқан-лоқыны күн сайын естиміз – жуырда Балтық елдеріндегі одақтастарымызға қарсы айтылды" деді Борис Писториус 19 қаңтарда Tagesspiegel басылымына.

Келесі айда НАТО-ның "Мызғымас қорғаушы 2024" атты ірі әскери жаттығуы басталып, мамырға дейін созылады. Оған НАТО-ның 90 мыңға жуық әскери қызметкері қатысады.

2023 жылы НАТО елдері Еуропада ірі әуе жаттығуларын өткізген. Бұл жаттығулар Ресей Украинаға басқыншылық жасағаннан кейін басталды. Көптеген батыс саясаткерлері, оның ішінде АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы соғыста жеңіске жетсе Ресей НАТО елдерінің бір бөлігіне шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенген.

Мәскеу болса ондай жоспары жоқ екенін мәлімдеген. Желтоқсан айында Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің НАТО-мен соғысуына "негіз" жоқ әрі "мүдделі де емес" деп мәлімдеген. Путин мен Кремль шенеуніктері басқыншылық алдында да Украинаға әскер кіргізетінін жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG