Accessibility links

Ауғанстанда ресейлік жеке ұшақ апатқа ұшырады


Ауғанстанда Таиландтан Мәскеуге қарай бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Сенбі күні кешке онымен байланыс үзілген. Түнде Ауғанстанның Бадахшан провинциясының тұрғындары құлаған ұшақтың дыбысын естіп, полицияға хабарлаған.

Росавиацияның хабарлауынша, мәселе Ресей азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік реестрінде тіркелген Falcon 10 ұшағы жөнінде болып отыр. Ол "Атлетик Групп" және жеке тұлғаға тиесілі. Ұшақ бортында алты адам бар деп айтылады: экипаждың төрт мүшесі және екі жолаушы. Кемінде екеуі – Ресей азаматы, деп жазды ТАСС.

Ұшақ чартерлік санитарлық рейс атқарған. Оның бағыты Гая (Үндістан) — Ташкент (Өзбекстан) — Жуковский (Мәскеу облысы, Ресей) болған. Росавиацияның хабарлауынша, ұшақтың бастапқы ұшу орны Таиландтың Утапао әуежайы болған.

Бадахшанның ақпарат департаментінің өкілі Забиулла Амири апат орнына іздеу тобы жіберілгенін растады. Ұшақ табылмайынша, экипаж мүшелері мен жолаушылардың тағдыры белгісіз. Ұшақ Тәжікстанмен шекарадағы таулы ауданға құлаған. Ресей авиация ведомствосы Ауғанстан және Тәжікстан билігімен байланыста отыр.

XS
SM
MD
LG