Accessibility links

СІМ: "Канделаки Қазақстанға келе қоймас, келсе де кіре алмайды"


Тина Канделаки
Тина Канделаки

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 22 қаңтардағы брифингте "орыс тілін кемсітіп жатыр деп Қазақстанды айыптаған ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки Қазақстанға кіре ала ма?" деген журналистер сұрағына жауап берді.

"Ондай сөздер кешірілмейді. Канделаки Қазақстанға келе қоймас, келсе де кіре алмайды" деп жауап берді сыртқы істер министрінің ресми өкілі.

"Сырттан біреу бірдеңе айтты екен деп әрбіріне назар аударатын болсақ, онда уақытымыз жетпейді. Ең өкініштісі, бізбен көршілес, дос елдің азаматтары біздің елімізді біле бермейді. Біздің елімізге келіп көрсін, білсін. Өйткені біз туралы олардың қолында шынайы ақпарат жоқ. Әлеуметтік желіде тартысқанша, жұмыс істеген жөн" деді Смадияров.

Өткен аптада Ресей тележүргізушісі Тина Канделакидің "Қазақстан біртіндеп орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр" деген сөзі қоғамда наразылық туғызған.

"Қазақстанның көлік министрлігі бірнеше теміржол станциясының орысша атауын қазақшаға өзгерткісі келді. Мысалы, "Уральск" станциясын Орал, "Узеньді" Жаңаөзен дегісі келеді. Балтық жағалауы елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, бұл — өте қауіпті тенденция. Ол жерлерде де осылай біртіндеп басталып, "қар көшкініндей" болған: орыс мектептерін жапты, совет ескерткіштерін алып тастады, орыс тіліне тыйым салды, ақыр аяғы зейнеткерлерді аязға қаңтарып қойды" деп жазды Канделаки.

Әлеуметтік желіде бұл сөзге наразылық күрт күшейіп, "Қазақстан — тәуелсіз ел, өзінің теміржол станциясын қалай атағысы келсе, солай атайды, совет кезінде жоғалуға айналған тілін біртіндеп қалпына келтіріп жатыр" дейтін пікірлер жазылған.

2022 жылы маусымда Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстанға кіргізудің қажеті жоқ адамдардың тізімі" бар екенін жариялаған. Бұл тізімге ресейшіл пропагандист Тигран Кеосаян бар екені де айтылған.

Алайда сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияровтың сөзіне қарағанда, "нақты тізім жоқ, бұл — әр мемлекеттің өзінің ішкі шарасы. Ол тізімге мынау адам кіреді, мынау адам кірмейді деген мәселе жоқ".

2023 жылы қазан айында Қазақстан сыртқы істер министрлігі мұндай тізім бар екенін растап, "Қазақстанға қарата айтылған теріс сөздер ескерусіз қалмайтынын" растаған. Алайда "тізімде" кім бар екенін айтпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG