Accessibility links

Қарағанды әкімдігі құқық қорғау органдарынан әділдік сұраған адамның пикетке шығуына рұқсат бермеген


Константин Роголевский
Константин Роголевский

Қаңтардың 22-сіне Қарағанды тұрғыны Константин Роголевский пикетке шығуға әкімдіктен тағы да рұқсат ала алмады. Ол полиция мен прокуратурадан өзіне байланысты қылмыстық істі сотқа жіберуді бір жарым жылдан бері талап етіп жүрген. Роголевский "адамға пышақ салу" ісі бойынша жәбірленуші болып саналады.

Ол 25 қаңтарда әкімдікке берген хабарында Қарағанды қаласындағы Абай ескерткішінің түбіне пикетке шығатынын көрсеткен. Роголевский қылмыстық істі әрі қарай жүргізу үшін қоғам назарын аударуды көздеп, пикетке шығуға амалсыздан бекінгенін айтады. Оның сөзінше, "құқық қорғау органдары әрекет етпей отыр, пышақ жұмсаған адам бостандықта жүр, ал істі тергеу мерзімі аяқталуға айналған".

Ол әкімдікке түсірген екінші өтінішінде өзі көрсеткен орын бос болмаған жағдайда басқа жер көрсетуді сұраған. Бірақ билік одан да бас тартқан.

— Бармаған жерім қалмады. Президент әкімшілігіне дейін жеттім, екі аптада істі сотқа жіберуге уәде берді. Бірақ одан бері де бірнеше ай өтті. Қылмыскердің құқығы, жәбірленушіден артық болғаны ма? — дейді Константин Роголевский.

Әкімдік оған берген жауабында "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заңға сілтеген, бірақ не себептен рұқсат етілмейтінін айтпаған. Тіпті пикет өткізу туралы өтінішін қайтарып алуды сұраған.

Азаттық бұл мәселе бойынша әкімдікке сұрау салды. Әкімдіктің жауабына қарағанда "Роголевский көрсеткен жерде 25 қаңтарда тазалық жұмыстары жүргізіледі".

2023 жылы ақпанда Азаттық 26 жастағы Константин Роголевский өзіне пышақпен шабуыл жасалғанын дәлелдей алмай жүргені туралы жазған болатын. Полиция қылмыстық істі тоқтатып тастаған, онымен прокуратура да келіскен. Ал жәбірленуші күдікті ретінде ұсталған адамды таныса да бостандыққа жіберілген. Істің куәгерлері де, қан болған пышақ та бар. Пышақ жұмсалған соң Роголевскийдің қолы дұрыс жұмыс істемей қалған. Операция да көмектесе алмаған.

Полиция бұған дейін пышақпен ұмтылған адам "өлтіру мақсатын көздемеген" деп хабарлаған еді. Кейін "істің шала тергелуіне байланысты кінәлі қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын" да хабарлаған. Алайда іс бәрібір жылжымаған, пышақ салған адам қашып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG