Қазақстандық сейсмологтар 24 қаңтарда таңертең Алматыда тағы екі жер сілкінісін тіркеді. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, соңғы жер сілкінісі Алматы уақытымен сағат 8:39-да қаладан 212 шақырым жерде болған. Эпицентрі Қырғызстан аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің магнитудасы – 4.4. Жер дүмпуі он шақырым тереңдікте болған. Қазақстан аумағында жер сілкінісі сезілмеген.
Оның алдында сағат 7:35-те жер тербелген. Жер сілкінісінің магнитудасы – 4.4. Эпицентрі – Алматының оңтүстік-шығысынан 250 шақырым жерде Қырғызстан Қытай аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық классы – 11.3, магнитудасы – 4.9. Жер дүмпуі 5 шақырым тереңдікте болған. Ол да Қазақстан аумағында сезілмеген.
24 қаңтарға қараған түні осы сияқты тағы екі жер сілкінісі тіркелген. Түнгі сағат 2:38-де магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісі болған. Алматыда 2 балдық жер сілкінісі сезілген.
23 қаңтар сағат 00.09-да Алматыда 5 балл зілзала болып, қала тұрғындары үйлерінен сыртқа шыққан, кейбірі жылы киім киіп те үлгермеген. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болған. Жер дүмпуінің магнитудасы 6,7. Сейсенбі күні Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы 70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлаған.
Жер сілкінісінен кейін қала тұрғындары зілзала туралы ескерту хабарлама болмағанына шағымданған. Төтенше жағдай департаменті мамандары "халықты дүрліктіргісі келмегендіктен" дабыл қоспағанын айтты.
ПІКІРЛЕР