Accessibility links

ТЖМ: Жер сілкінісінен кейін Алматы облысында 19 нысанға сызат түскені анықталды


Төтенше жағдай министрлігі 23 қаңтар күнгі жер сілкінісінен кейін Алматы облысында 19 нысанға сызат түскенін анықтаған.

"Алматы облысының аумағында тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен әлеуметтік маңызы бар объектілерді көзбен шолып тексеру нәтижелері бойынша 19 нысаннан сызат табылды" деп жазылған министрліктің 23 қаңтар кешкі хабарламасында.

Зілзаладан кейін жедел штабта ұйымдастырылған шұғыл желіге азаматтардан 800-ден астам қоңырау келіп түскен.

Бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазҰУ-дың жатақханаларына сызат түскенін айтқан еді.

23 қаңтарда түнде Алматыда 5 балл жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан. Кейбірі жылы киім киіп те үлгермеген. Жекелеген аудандарда куәгерлердің сөзінше, көлік кептелісі болған. Ақпаратқа қарағанда, кейбір тұрғындар көп қабатты тұрғын үйлерінен басқа жаққа кетпек болған.

Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, жер сілкінісін сейсмикалық станция желісі 23 қаңтар сағат 00:09-да тіркеген. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болған. Жер дүмпуінің магнитудасы – 6,7. Энергетикалық классы – 15,1.

Сейсенбі күні Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы 70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады.

АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі – Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан, Шыңжаң провинциясының Айкөл қаласынан 129 шақырым жерде орналасқан. Магнитудасы – 7 балл.

Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, Алматы мен Шымкенттен бөлек, жер сілкінісі Астана қаласында, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында сезілген.

Жер сілкінісінен кейін қала тұрғындары зілзала туралы ескерту хабарлама болмағанына шағымданған. Төтенше жағдай департаменті мамандары "халықты дүрліктіргісі келмегендіктен" дабыл қоспағанын айтты.

XS
SM
MD
LG