Accessibility links

Адвокат: Марат Жыланбаев үкімнің күші жойылғанға дейін аштық жариялайтынын айтты


Марат Жыланбаев.
Марат Жыланбаев.

Жеті жылға сотталған Марат Жыланбаев үкімнің күші жойылғанға дейін ұзақмерзімдік аштық жариялайтынын айтты. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады.

Адвокат бүгін, 24 қаңтарда Марат Жыланбаевпен кездескен. Адвокаттың сөзінше, Жыланбаев апеллциялық сот алқасының шешімін бүгін ғана естіген. Өткен аптада сот Жыланбаевты жеті жылға түрмеге кесу туралы бірінші сатыда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырған еді.

"Марат сот қаулысынан бейхабар болған. Сондықтан оны естіп, өзін жеті жылға соттағаны жөнінде үкімге наразылығын білдіріп, өз уәдемде тұрамын деп "сот үкімі күшін жойылғанға дейін мерзімсіз аштық жариялаймын деп шешім қабылдадым" деді" дейді адвокаты Мейіржан Досқараев.

Адвокаттың айтуынша, Жыланбаев аштық жариялайтыны жөнінде мекемеге де арыз түсірген. Қазір Жыланбаев тек су ішіп отыр деді адвокат.

24 қаңтарда Азаттық тілшісі белсенді отырған Астана тергеу изоляторына хабарласқан. Кезекші бөлімде отырған Асқар есімді қызметкер "Жыланбаев бойынша барлық сұрақтарды қылмыстық атқару жүйесі департаментінен біліңіздер" деді. Ал департамент өкілдері Азаттыққа жазбаша сауал жіберу қажеттігін айтты.

19 қаңтарда Астана қалалық соты белсенді, "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Алғашқы инстанциядағы сот Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Бұған дейін прокуратура тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері Марат Жыланбаев "ҚДТ экстремистік ұйымынан тапсырма алып, олардың қызметін қаржыландырған" деп күдіктенген. (Астана шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды). Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.

Белсендіге жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түсті.

Былтыр желтоқсанда Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан. Екі ұйым Жыланбаевтың сотының жабық болғанын, құқық қорғаушылардың бақылауына мүмкіндік берілмегенін де сынға алған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған. Еуропарламент 17 қаңтар күнгі қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Марат Жыланбаевтың да есімін атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG