Accessibility links

Бішкек соты Украинадағы соғысқа катысқан азаматқа пробациялық бақылау тағайындап босатты


Асқар Құбанышбекұлы
Асқар Құбанышбекұлы

Бішкектің Бірінші май аудандық соты "Украинадағы соғысқа қатысты" деп айыпталған Асқар Құбанышбекұлын жеті жыл түрмеге кесіп, үш жылдық пробациялық жазамен сот залынан босатты. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Сот отырысы 24 қаңтарда өтті. Құбанышбекұлы соттағы "соңғы сөзінде" Ресей азаматтығына құжат тапсырғанын айтқан. Ол Украинада "гуманитарлық жәрдем беруге ғана көмектескенін, онысы үшін өкінбейтінін" жеткізді.

Былтыр 30 тамызда Қырғызстан жоғарғы соты Құбанышбекұлы бойынша аудандық және қалалық сот шығарған шешімдердің күшін жойып, қылмыстық істі қайыра жөнелткен.

Бірінші инстанциядағы сот оны 10 жылға соттаған.

Апелляциялық арызды қараған Бішкек қалалық соты 7 маусымда сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Сот үкімінде Мәскеуде қашып жүрген қырғыз азаматы 2022 жылы маусым айында "материалдық пайда табу үшін" Ресей әскеріне қосылып, Украинадағы соғысқа қатысқаны жазылған.

Бұған дейін Ресей президентіне қарасты адам құқықтары бойынша кеңес мүшесі Кирилл Кабанов Қырғызстан билігіне қайырылып, Асқар Құбанышбекұлын босатуды өтінген.

Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Құбанышбекұлына Ресей паспортын беру мәселесі қаралып жатқанын айтқан.

Былтыр желтоқсанда Нарын облыстық соты ресейлік "Вагнер" жекеменшік компаниясының әскері құрамында Украинадағы соғысқа қатысты деп айыпталған Бекназар Бөріғұлұлын бес жыл түрмеге кескен. Нарын қалалық соты да осындай үкім шығарған.

Бекназар Бөріғұлұлының туыстары жақыны "Вагнер" тобына қосылуға мәжбүр болғанын айтып, қырғыз билігінен кешірім сұраған.

Қырғызстанның құқық қорғау органдары өзге елдердің соғысына қатысқан қырғыз азаматтары қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG