24 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (Ресей құрамындағы) Башқұртстан басшысы Радий Хабировты қабылдады.
Ресми басылымдардың жазуынша, Қазақстан басшысы "Астана мен Мәскеудің екіжақты байланыстарын нығайтуға өңіраралық ықпалдастық елеулі үлес қосып отырғанын" атап өтіп, осы орайда Башқұртстан "ерекше рөл атқаратынын" айтқан.
Ақорданың хабарлауынша, Башқұртстан басшысы "екі-үш жылдың ішінде" тараптар тауар айналымы мен өнеркәсіптік кооперация көлемін айтарлықтай ұлғайтты деп мәлімдеген.
Астана Башқұртстанның жетекші сауда әріптестерінің бірі ретінде аталады. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымы 2023 жылдың 11 айында 350 млн доллардан асқан.
24 қаңтарда Астанадағы "Қазақстан - Башқұртстан" форумы кезінде Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев екіжақты ынтымақтастықты арттыруға үндеген.
2022 жылы наурызда, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бір айдан соң Башқұртстан үкіметінің жетекшісі Андрей Назаров башқұрт кәсіпорындары өз өнімдерін маркировкадан өткізе бастайды деп мәлімдеген.
"Санкциялық шектеулерге байланысты көптеген шетел компаниялары бізбен тіке жұмыс істеуден қауіптенеді. Сондықтан біздің Қазақстан және Түркиядағы өкілдіктеріміз арқылы башқұрт кәсіпорындарына заңды тұлғаларды тіркеуге көмектесе бастадық" деген еді ол.