Accessibility links

Қарағандыда журналистің қызметіне кедергі келтіру ісі қосымша тергеуге жіберілді


Қарағандылық журналист Диана Сапаркызы
Қарағандылық журналист Диана Сапаркызы

Қарағанды облысында "журналистің жұмысына кедергі келтіру" жөніндегі қылмыстық іс қайта тергеуге жіберілді.

Бұл істе тамызда кәсіби міндетін атқару кезінде шабуылға ұшыраған журналист Диана Сапарқызы жәбірленуші деп танылған.

Былтыр қарашада Шахтинск қаласының полициясы "журналистің кәсіби жұмысына күш қолдану арқылы кедергі жасау" бойынша қозғалған қылмыстық істі тоқтатқан.

Қарағанды облысы прокуратурасының Азаттыққа хабарлауынша, 23 қаңтарда тергеуді тоқтату туралы қаулы күші жойылған, іс қайта тергелуге Шахтинск қаласының полициясына жіберілді. Журналист пен адвокаты бұл жөнінде 24 қаңтарда білген.

— Бұған дейін құқық қорғау органдары қатты қарсылық білдірді, сондықтан алда талай кедергілер болады деп ойлаймыз. Іс тергелсін деп үшін күрестік. Шахтинск прокуратурасы полицияның ішінара заң бұзғанын анықтаған, олар тәртіптік жауапкершілікке тартуға тиіс еді, бірақ ол жөнінде әлі күнге дейін ештеңе білмейміз. Маған сол кезде іс материалдарын бермей қойған. Облыс прокуратурасына үніміздің жеткеніне қуаныштымын. Оқиғаға қатысы барлар тиісті жазасын алуға тиіс, – деді Азаттыққа адвокат Шырын Әмірғалиева.

2023 жылы 18 тамызда "Қазақстан" шахтасындағы апаттан хабар таратуға барған журналист Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған. Журналист өзіне тап берген адамдарды видеоға түсіріп алған. Ол полицияға шағым түсірген. Сот медицина сараптамасы оның сол жақ иығы зақымданғанын, жеңіл жарақаттанғанын анықтаған.

Бұған дейін "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін журналист Диана Сапарқызына "Қазақстан" шахтасында жасалған шабуылды тергеуге шақырған. Ал "Әділ сөз" бас прокурорға ашық хат жазып, тиісті шара қолдануға үндеген.

"Әділ сөз" мәліметінше, Қазақстанда "журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру" бабы бойынша тек үш іс сотқа жеткен.

XS
SM
MD
LG