Accessibility links

Өзбекстанда құқық қорғаушы түрмедегі блогер Отабек Саттори мен белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовпен жолықты


Оттобек Саттори
Оттобек Саттори

«Ізгілік» адам құқықтарын қорғау қоғамының жетекшісі Әбдірахман Ташанов жақында Қарши қаласындағы қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан блогер Отабек Сатторимен, Науаи қаласындағы №5 колонияда отырған қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовпен жолықты. Дәулетмұрат Тәжімұратов Нөкістегі наразылықтарға байланысты 16 жылға сотталған.

Ташановтың айтуынша, ақша бопсалады деген айыппен 6,5 жылға сотталған блогер Отабек Саттори биыл сәуірде бостандыққа шығуы тиіс. Саттори 2021 жылғы мамырда шыққан сот үкіміне наразы, бірақ апелляциялық шағым түсіргісі келмейді. 42 жастағы Отабек колониядан шыққан соң «блогерлікпен айналыспайтынын» айтқан.

Блогер колониядағы өміріне шағымданбаған, еркіндікке шығатын күнді асыға күтіп жүргенін айтқан.

Отабек Саттори 2021 жылғы 29 қаңтарда ұсталған. Сот үкімі 15 мамырда шыққан.

Сатторидің ұсталуын халықаралық ұйымдар «сөз еркіндігіне жасалған соққы» деп бағалаған. Ол жемқорлыққа қатысты тақырыптарды жиі көтерген.

Сатторимен жүздесуден бір күн бұрын Әбдірахман Ташанов Науаи қаласындағы №5 колонияға барып, 2022 жылы Қарақалпақстандағы көтерілістен кейін 16 жылға сотталған Дәулетмұрат Тәжімұратовпен кездескен.

Тәжімұратов тергеу кезінде азапталғанын, оған жолданған хаттар мен заттар кешігіп келетінін айтқан. Ол түрмеде қатаң тәртіп орнатылғанын, жазасын өтеушілер туыстарымен кездескен уақытта олардың құқықтары жиі бұзылатынын баяндаған. Тәжімұратов колония әкімшілігіне жазасын өтеушілердің жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстарын жеткізген.

44 жастағы Дәулетмұрат Тәжімұратов Қарақалпақстанда адвокат, «Ел қызметінде» газетінің редакторы болып істеген. Оны 2022 жылы 1-2 шілдеде Нөкістегі наразылықтан кейін ұстаған. Тергеу Тәжімұратовты басты наразылық ұйымдастырушы деп есептейді.

2023 жылғы қаңтардың аяғында Тәжімұратов 16 жылға бас бостандығынан айрылды. Сотталушы тағылған айыптарды мойындамады.

Бұның алдында Human Rights Watch ұйымы Өзбекстан билігінен Тәжімұратовтың түрмедегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG