Accessibility links

Алматыда белсенді Мадина Көкетаева "заңсыз жиынға қатысқаны үшін" 15 тәулікке қамалды


Белсенді Мадина Көкетаева сот шешімдеріне наразы азаматтардың митингісінде плакат ұстап тұр. Астана, 2020 жыл.
Белсенді Мадина Көкетаева сот шешімдеріне наразы азаматтардың митингісінде плакат ұстап тұр. Астана, 2020 жыл.

25 қаңтарда Алматы соты белсенді Мадина Көкетаеваны 15 тәулікке қамады. Оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бабы 11-бөлік) бабы бойынша айып тағылған. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

Сот онлайн өтті. Бір күн бұрын Алматыға президент Қасым-Жомарт Тоқаев келген күні белсенді полиция бөлімшесіне жеткізіліп, үстінен хаттама толтырылған. Оған белсендінің 19 қыркүйекте "Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша апелляциялық шағым қаралайын деп жатқан шақта Алматы қалалық сотының ғимаратының алдында тұрғаны себеп болған.

"Мені құдды қылмыскер сияқты 19 сағат бойы Алмалы аудандық полициясында ұстап отыр. Тамақсыз. Ұстау кезінде күш қолданылды. Денем көгерген. Барлық медициналық құжаттар бар. Бірақ судья оған мән бермей отыр. Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында болдым. Барлық анализдерді алды. Полиция қызметкерлері менімен бірге дәрігерлерге кірді. Менде тромбоцит, қан қысымы бар болса да, мені ауруханаға жатқызуға негіз жоқ деп таныды. Кез келген уақытта инфаркт болуы мүмкін... Тоқаев қаладан кетпейінше мені олар жібермейін деп тұр” деді белсенді 25 қаңтарда таңертең Азаттық тілшісіне.

Сәрсенбі күні Тоқаев Алматыға келген. 23 қаңтарға қараған түні Алматыда ірі жер сілкінісі болып, жұрт үрейленіп жаппай далаға шыққан. Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстан басшысының сапары жоспарға сай өтіп отыр. Бүгін, 25 қаңтарда түске дейін Алматы әкімдігінің алдында күштік құрылым өкілдері байқалды. Ол жерде президенттің қатысуымен қаладағы жағдай бойынша жиналыс өтетіні айтылған.

Қазан айында 46 жастағы Көкетаева Алматы мәслихаты депутаттығынан түсіп қалған депутаттың орнына бірмандаттық № 4 аумақтық сайлау округынан өзін ұсынып, жеңілген. Сайлауалды платформасында ол қаладағы тығыз құрылыс мәселесіне басымдық берген.

  • Халықаралық CIVICUS ұйымы өзінің зерттеулерінде Қазақстанды қоғамдық ұйымдардың еркін пікір айтуына, бейбіт жиналу құқығын пайдалануына "кедергі келтіретін" мемлекеттер қатарына еннізген.
  • Жуырда таныстырған жаңа зерттеуінде CIVICUS Қазақстан билігі азаматтардың бейбіт жиналу құқығын шектеуді жалғастырып жатқанын, мысалы, бейбіт акцияға қатысушыларды ұстап, жазалап жатқанын жазды. Құқық қорғаушылардың бақылауынша, елде билік жоспарланған наразылықтар қарсаңында белсенділерді "алдын ала" немесе рұқсат етілмеген акциялардан кейін біраз уақыт өткеннен кейін "кешеуілдетіп" ұстайды.
  • Құқық қорғаушылар 2020 жылы қабылданған митингілер туралы жаңа заң халықаралық стандартқа сәйкес еместігін айтып, сынаған. Белсенділердің сөзінше, жергілікті әкімдіктерде акцияға рұқсат етпеуге мүмкіндік беретін өте көп тетіктер бар. Астана жуырда аталған заң қабылданғаннан кейін елде бейбіт жиындар көбейгенін алға тартқан.
XS
SM
MD
LG