Accessibility links

Путин украиналық миллиардердің активтерін иеленуге рұқсат берді


Украиналық миллиардер Ринат Ахметов
Украиналық миллиардер Ринат Ахметов

Ресей президенті Владимир Путин ресейлік "Лучшее решение" компаниясына украиналық миллиардер Ринат Ахметовтің бұрынғы көмір активтерінің 100 пайыз акциясын иеленуге рұқсат берді. Мәселе "Донской антрацит" және "Шахтоуправление "Обуховская" компаниялары жөнінде болып отыр.

Путиннің қолы бар ресми құжатта мұндай бұйрық Путиннің 2022 жылы тамыздағы "кейбір шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жағымсыз әрекеттеріне байланысты қаржы және отын-энергетика секторында арнайы экономикалық шаралар қолдану туралы" жарлығына сәйкес берілгені жазылған.

"Коммерсантъ" басылымының жазуынша, Ринат Ахметов жоғарыда аталған екі компанияны 2012 жылы алған. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін біраз уақыт өткен соң яғни, 2023 жылы мамырда компания "қарызы бар" деген желеумен ''Сбербанк" құрылымдарының біріне берілген.

Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік реестрі мәліметінше, 2021 жылы «Шахтоуправление "Обуховская" АҚ 13 млрд рубль табыс тауып, компанияға екі миллиард рубль көлемінде таза кіріс кірген.

"Лучшее решение" компаниясы жөнінде ақпарат аз. БАҚ-тың мәліметінше, ол 2022 жылы 1 қарашада Мәскеуде тіркелген. Бас директоры – Максим Алимов, компанияның жарғылық капиталы – 4 млн рубль.

  • Донецкіде туып өскен Ринат Ахметов Украинадағы ең дәулетті кәсіпкерлердің бірі. Көптеген украиналық БАҚ оны "ресейшіл кәсіпкер" деп атайды. Оның бизнес-империясына металлургия және тау-кен, энергетика және ауыл шаруашылығы кешеніне қатысы бар жүзден астам кәсіпорын кірген. 2022 жылы Ресей әскері басып кіргеннен кейін жермен-жексен болған Мариупольдегі "Азовсталь" металлургиялық комбинаты да Ахметовке тиесілі болған. Соғыс басталғаннан кейін Ахметов Владимир Путиннің әрекетін қатаң сынады. Кәсіпкердің бірқатар активтері тұтқындалды немесе Ресей басып алған Украина аумағында мемлекет меншігіне берілді.
  • Былтыр маусымда Ахметов Ресей үстінен арызданып, Еуропа адам құқықтары жөніндегі сотына шағымданған. Ол Ресей билігін Украинаның инфрақұрылымын қиратқаны үшін, Украина аумағынан экспорттық тауарларды тасығаны үшін жауапкершілікке тартуды сұраған. Ахметов Ресей осы шығындарды өтеп берсін деген. Бұған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский "Запорожсталь" комбинатына санкция салған. Комбинаттың негізгі бенефициары Ахметовтің қаржылық тобы деп айтылған.
XS
SM
MD
LG