Accessibility links

АҚШ-та ресейлік хакер Trickbot ісі бойынша 5 жыл 4 айға сотталды


Американың Огайо штатында сот "АҚШ-та кибералаяқтықпен айналысты" деп айыпталған ресейлік хакер Владимир Дунаевты 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде АҚШ әділет министрлігі хабарлады.

Дунаев АҚШ-тың мектептері мен ауруханалары және өзге де ұйымдарына кибершабуыл жасау үшін қолданылған Trickbot зиянкес бағдарламасын жасап, енгізгені үшін кінәлі танылды. Соның салдарынан ұйымдар ондаған миллион доллар шығынға батқан.

Үкімдегі ақпаратқа қарағанда, Дунаев алаяқтық схемаға қатысқан кезде Trickbot-тан 10 адам зардап шеккен, арасында мектептер мен жылжымайтын мүлік сататын компания да бар. Олар 3,4 млн доллардан астам шығынға батқан. Дунаев кінәсін мойындаған.

Ресейлік хакер 2021 жылы қыркүйекте Оңтүстік Кореядан ұшар кезде ұсталған. Ол пандемия кезінде 1,5 жыл сол жақта тұрған. Ол АҚШ-қа экстрадицияланды.

Trickbot-пен байланысты алаяқтық ісі бойынша 7 адам айыпталушы танылған. 2023 жылы маусымда олардың бірі Латвия азаматы Аллу Витте 2 жыл 8 ай түрмеге кесілді. Тағы бірнеше күдіктіге АҚШ санкция салды.

XS
SM
MD
LG