Accessibility links

Қазақстанда аккредитациясы жоқ шетел БАҚ-тарының жұмысына тыйым салуды ұсынды


Үкіметтің масс-медиа туралы жаңа заң жобасына шетел ақпарат құралдары мен журналистерін аккредитациялау ережесіне қатысты түзетулер енгізілмек.

Депутаттар ұсынып отырған өзгертулер сыртқы істер министрлігіне "Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда" шетел ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистеріне аккредитация бермеу құқығын береді.

Ұсынылып отырған өзгертулер сонымен бірге аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдары мен шетел журналистеріне кәсіби журналистикамен айналысуына тыйым салуды қарастырады.

Одан бөлек, түзетулер шетел ақпарат құралдарының қызметін сот шешімінсіз тоқтатуды да қарастырады.

"Қолданыстағы заңнама нормаларын бұзған жағдайда шетел ақпарат құралдарының қызметiн тоқтату Қазақстан сыртқы iстер министрлiгi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады" деп жазылған түсіндірме таблицасында.

25 қаңтарда тиісті өзгерістерді жұмыс тобы мүшелерінің басым тобы қолдап дауыс берді.

Шетел ақпарат құралдарын аккредитациялауға қатысты түзетулерді талқылау онлайн бірнеше минутқа созылды. Талқылауға шетел ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған жоқ.

Жұмыс тобына депутаттардан бөлек, министрлік, ғылыми қауымдастық пен үкіметтік емес ұйым өкілдері – шамамен жүз адам енген.

Жұма күнгі онлайн-брифинг кезінде "Құқықық медиаорталық" өкілі Гүлмира Біржанова депутаттардың аккредитация жөнінде ұсынысына пікірін айтып, аталған өзгерістерді қазіргідей күйде қабылдауға болмайтынын жеткізді. Баспасөз құқығын қорғау ұйымының өкілі мұндай түзету жөнінде жуырда ғана білгенін айтты.

Медиазаңгерлер мен баспасөз қорғау ұйымдары қазақстандық журналистер мен ақпарат құралдарын заңға енгізілген осы түзетулерді талқылауға белсенді қатысуға және оларға ақпараттық қолдау көрсетуге шақырды. Медиазаңгерлер түзетулер парламенттен қазіргі қалпында өтетін болса, вето құқығын пайдалануды өтініп, Қазақстан президентіне жүгінуге ниетті екенін айтады. Былтыр 1 желтоқсанда мәжіліс "Масс-медиа туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Бұған дейін бұл заң жобасын сарапшылар сынап, журналистер мен құқық қорғаушылар онымен келіспейтінін білдірген болатын.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді. Оның ішінде аккредитациясы 2022 жылдан бері созылмаған журналистер бар. Министрлік заң талаптары бойынша, өтініш түскен соң екі ай ішінде тілшіге аккредитация беру-бермеу мәселесі бойынша шешім шығаруы тиіс. Тілшіге аккредитация беруден бас тартқан жағдайда оның негіздемесін көрсетуі керек. Қаңтардың басында сыртқы істер министрлігі Азаттық тілшілеріне аккредитация бермейміз деген шешім шығарды. Азаттық бұл шешімге қарсылық білдіріп, сотқа арыз бермек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG