Accessibility links

Қырғызстанда атышулы Райымбек Матраимовқа іздеу жарияланды


Райымбек Матраимов.
Райымбек Матраимов.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовты іздестіріп жатыр. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сүйене отырып хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Райымбек Матраимов «кісіні еркінен тыс күшпен ұстады» деген күдікке іліккен.

Күдікті іздестіріліп жатқаны туралы мәлімет ішкі істер органдарына таратылған.

ҰҚМК әзірге бұл туралы ресми мәлімет жарияламады.

Мұның алдында Райымбек Матраимов күзде Қырғызстаннан Түркияға, одан әрі Дубайға асқаны туралы мәлімет тараған. Kaktus.media дерегінше, ол мемлекеттік бюджетке тағы бірнеше миллион сом аударуға уәде берген, бірақ сөзінде тұрмай қашып кеткен.

Райымбек Матраимов Қырғызстандағы атышулы экс-шенеуніктердің бірі. Оның есімі Азаттықтың жемқорлық туралы журналистік зерттеулерінде аталған.

Матраимов 2015-2017 жылдары кеден басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2020 жылғы қазанда шенеунікті кедендегі жемқорлық үшін айыптады. Кейін ол ел бюджетіне 2 млрд сом аударғаны мәлім болды. Сотта экс-шенеунік тағылған айыптарды мойындаған. Сот оған 260 мың сом айыппұл салған.

Кейінгі бірнеше ай бойы қырғыз билігі мемлекеттік органдарды Матраимовқа байланысы бар адамдардан тазартып жатыр. ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанда «Матраимов-Көлбаев мафиясы» бар деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG