Accessibility links

Батыс Қазақстанда киік ату науқаны ұзартылды


Батыс Қазақстан облысында қарашада басталған киік ату науқаны ұзартылды. Билік "киік санын реттеу үшін жүргізіп жатқан" науқанын қаңтар бойы жүргізіп, кейін белгісіз уақытқа тағы да созуы мүмкін.

Шенеуніктердің айтуынша, БҚО-да киік ату науқанының екінші кезеңі 10 қаңтарда басталып кеткен. Елде киіктердің ең көп популяциясы осы БҚО аумағында.

— 10 қаңтардан былтыр басталған [киік ату] 10 қаңтарда қайта жалғасты. Нақты канша киік атылғанын айта алмаймын, себебі киіктер Ресей жаққа, Атырау облысына қарай ауып кетті. Құмда, шөлде қиын, — деді Азаттыққа "Охотзоопромның" аймақтағы филиалының басшысы Арман Қожахметов.

Оның сөзінше, Қазақстан үкіметі басында БҚО-да 226 мың киік ату туралы шешім қабылдаған. Қараша-желтоқсанда, 70 күннің ішінде 20 мың киік атылған.

— Қазір ауа райына байланысты процесс баяу жүріп жатыр. Бәлкім күзде киік атуды қайта жалғастыру керек болатын шығар, — деді Қожахметов.

Қазақстанның биоалуандық қауымдастығының табиғатты қорғау бағдарламасының директоры Алёна Кривошеева киікті қыста ату зиян екенін айтады. Ол "қазір аңшылар желтоқсандағы шағылысудан кейін әлсіреген киіктерді және буаз киіктерді атып тастауы мүмкін" дейді.

Былтыр күзде Қазақстан экология министрлігі "киік ауыл шаруашылығына зиян тигізіп жатыр" деп санын азайту үшін атуға рұқсат берген. Үкімет кейінгі 25 жылда киік саны 2 миллионға жетті дейді.

Үкіметтің киік ату және аулау шешімі қоғамда қарсылық туғызып, экологтар мен ғалымдар бұған қарсы шыққан. Ауыл-аймақтағы халық дала "қанға боялып", "киік атылған жерінде қалып жатқанын" айтқан.

Билік киік атуға рұқсат берердің алдында ақбөкенді "Қызыл кітаптан" алып тастаған. Бұл шешімнің алдында Қазақстан жергілікті және халықаралық ұйымдармен браконьерлікпен күресті күшейтіп, қорғалатын жерлердің аумағын кеңейткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG