Accessibility links

Путин Ресейдің маңызды кәсіпорындарына деректерін жасыруға рұқсат берді


Ресей президенті Владимир Путин Ресей экономикасы үшін маңызды саналатын кәсіпорындарға заң бойынша қоғамнан жасырмауға тиіс ақпараттарды жарияламауға рұқсат берді. Жарлық құқықтық актілер порталында жарияланды.

"Экономика тұрғысында маңызды" саналатын кәсіпорындардың "Құнды қағаздар нарығы туралы", "Акционерлік қоғам туралы", "Банктер туралы", "Жинақталған қаржылық есептер туралы", "Аудиторлық қызмет туралы", "Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер туралы", "Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу туралы", "Бәсекені қорғау туралы", "Жеке деректер туралы", "Сақтандыру ісін ұйымдастыру туралы" заңдар талабына қарамастан кәсіпорын туралы ақпараттарды жарияламауға құқығы бар. Дегенмен мәліметтер бұрынғыша билік органдарына берілуі тиіс.

Путиннің жарлығында "АҚШ және оны қолдайтын шет мемлекеттер мен ұйымдардың" "достық деп атауға келмейтін және халықаралық құқыққа қайшы" әрекеттеріне жауап ретінде "шұғыл шара қабылдау қажеттігі" айтылған. Мәселе бірінші кезекте Ресей экономикасына қарсы халықаралық санкция жөнінде болып отыр.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс елдері Мәскеу мен ресейлік кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге көп санкция салған. Statista порталының мәліметінше, қаңтар басында олардың саны 18 772-ге жеткен. Санкция жағынан екінші орында Иран тұр – оған 4593 шектеу қойылған.

Мәскеу экономика мәліметтерін жасыру арқылы санкцияның тиімділік деңгейін төмендетуге тырысып жатыр. 2023 жылы мемлекеттік дума үкіметке кез келген ресми статистиканы жасыруға рұқсат беретін заң қабылдаған. Экономикалық мәліметтерді жасыру экономиканың тиімділігін азайтып, жемқорлық ықтималдығын арттыра түседі.

"Экономика тұрғысында маңызды" ұғымы Ресей заңнамасында 2023 жылы жазда пайда болған. Мұндай кәсіпорындардың тізімін жасақтауға үкіметтің құқығы бар. Олардың тізімі әлі жарияланбады.

Мұндай тізімге ену үшін компания төмендегі критерийлердің біріне ие болуы керек: жылдық табысы 75 млрд рубльден артық, жылына кемінде 10 млрд рубль салық төлеу, құны кемінде 150 млрд рубль болатын активке ие болу, кемінде 4 мың қызметкері бар штаты болу, өте маңызды салада жұмыс істеу, 2 миллионнан астам интернет-қолданушыға қызмет көрсететін ұйымдар тізімге ене алады.

XS
SM
MD
LG