Accessibility links

Тоғыз мемлекет палестиналық босқындарға қаржылай көмекті тоқтатты


Газа секторындағы гуманитарлық ұйымдар қамтамасыз еткен тамаққа кезек.
Газа секторындағы гуманитарлық ұйымдар қамтамасыз еткен тамаққа кезек.

Тоғыз донор-мемлекет БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігіне (БАПОР) қаржылай көмекті тоқтатты. Көмекті әуелі АҚШ тоқтатқан, ізінше оған Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Швейцария, Финляндия, Австралия және Канада қосылды. Бұған дейін БАПОР-дың оннан астам қызметкері 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылына қатысы бар деген күдікке ілінген. АҚШ пен ЕО ХАМАС-ты террористік ұйым деп таныған. Донор-мемлекеттер агенттік қызметкерлерінің шабуылға қатысы барын зерттейтін тергеу нәтижесі аяқталғанға дейін қаржы бөлмейтінін мәлімдеді.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш БАПОР қызметкерлеріне қарсы тағылған айыптың күрделі екенін мойындайтынын, алайда халықаралық қауымдастық агенттіктің гуманитарлық қызметін тоқтатпауы қажет екенін атап өтті.

Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Кац БАПОР-дың Газа секторында жұмысын тоқтатуға үндеді. Ол агенттік "босқындар мәселесін шешпей, бейбітшілікке кедергі жасап, ХАМАС-тың Газадағы азаматтық қанаты ретінде қызмет етіп отыр" деді. Министрдің пікірінше, Газаны қалпына келтіру ісіне БАПОР-дың орнына "бейбітшілік пен даму идеясына шын берілген" өзге агенттіктер келуге тиіс.

БАПОР жетекшісі Филипп Лаззарини күдікке ілінген қызыметкерлер жұмыстан кеткенін және егер күдік расталса, олар сот алдында жауап беретінін айтты. Ол аймақта шамамен 2,2 млн адамға көмектесіп отырған агенттікті қаржыландыруды тоқтатпауды талап етті.

БАПОР қызметкерлерінің ХАМАС-тың Израильге шабуылына қатысы бар деген күдікке ілінгені жөнінде хабар 26 қаңтарда белгілі болды. Ақпаратты Израиль әскері берген. Мәселе 12 қызметкер жөнінде болып отыр. Біреуі қаза болған, тоғызы қызметтен қуылған, екеуінің аты-жөні анықталып жатыр.

Израиль бұған дейін БАПОР-ды бірнеше рет сынап, агенттік басқаратын мектептерді ХАМАС террористік мақсаттарына пайдаланғанын айтқан. Израиль жағының мәліметінше, ХАМАС пен "Исламдық жихад" ұйымдарының шабуылы салдарынан Израильде шамамен 1200 адам қаза болған, 240 адам кепілдікке алынған. Басым бөлігі әлі босатылған жоқ, кейбірі қаза болған.

ХАМАС-ты жоюға уәде берген Израиль аталған топтың бақылауындағы Газа секторына соққы жасап жатыр. Палестина жағының мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан Газада 26 мыңнан астам тұрғын опат болған.

XS
SM
MD
LG