Accessibility links

Ангола билігі ресейлік компанияны алмаз өндіруші біріккен кәсіпорыннан шығаруға күш салып жатыр


Ангола билігі ресейлік "Алрос" корпорациясынан алмаз өндіруші Sociedade Mineira de Catoca корпорациясының акционерлер құрамынан шығуын талап етіп отыр. Бұл жөнінде Анголаның Expansão басылымы жазды.

Африка елі өкілдерінің айтуынша, Анголаның мемлекеттік Endiama мен ресейлік "Алростың" бірігіп ашқан кәсіпорны Sociedade Mineira de Catoca ЕО-ның шектеуі мен "Үлкен жетілік" елдерінің Ресей алмазына салған санкциясына байланысты халықаралық нарықта тығырыққа тірелген.

"Алрос" – Катока кенішін игеріп жатқан біріккен кәсіпорынның 41 пайыз акциясын иемденеді. Аталған кеніш алмаздың дүниежүзілік қоры бойынша төртінші орынды алады. Енді ақпаратқа қарағанда, Катока кенішінде өндірілген алмазды халықаралық нарыққа шығаруда қиындықтар туындап отыр.

Ангола басылымының жазуынша, Ресей және Ангола өкілдері өткен аптада Дубайда келіссөз өткізген, алайда олар "Алросты" жобадан шығару бойынша келісім жасаспаған. Ресей жағы кенішке көп ақша салғанын алға тартып, өздеріне өтемақы төленгеннен кейін ғана жобадан шығатынын айтқан. Ал Ангола билігі өтемақы төлеуден бас тартқан және "орыстарды ешқандай талапсыз жобадан дереу кетсін" деп отыр. Ангола билігі дегенмен санкция алынса "Алросқа" қайтадан оралуына кепілдік бере алатынын айтқан. Ал Ресей жағы мұндай ұсынысқа күмәнмен қарап отыр.

Expansão басылымының жазуынша, өткен аптада Анголаға Ресей ішкі істер министрі барған. Оның сапары баспасөзде хабарланбады. Министрдің сапары "Алростың" акциялар пакеті бойынша келіссөздерге қатысы бар ма, жоқ па, белгісіз.

Жуырда Анголаға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен барған. Expansão басылымы ұзақ жылдар бойы "ресейшіл" саналып келген Ангола мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас нығайғанын жазды.

"Алрос" өкілдері әзірге мақалаға түсініктеме бермеді.

18 желтоқсанда ЕО Ресей басқыншылығына байланысты Мәскеуге қарсы 12-санкциялар пакетін қабылдаған. Онда Ресейде өндірілген немесе өңделген өнеркәсіптік емес алмаз түрлерін импорттауға тыйым салынған. 1 наурыздан бастап үшінші елдерде өңделген Ресей алмазына қойылған шектеу де күшіне енеді. Ресми түрде Анголада өндірілген алмаз бұл шектеулерге ілінбеген, алайда Ангола жағы бәрібір түрлі қиындықтарға кезіккенін айтады. "Алрос" корпорациясы ЕО-ның санкция тізімінде бар.

XS
SM
MD
LG