Украинадағы соғысқа байланысты дау кезінде танысын өлтіріп, сотталған Белгород тұрғыны Андрей Михаэлис "арнайы операцияға қатысқаны" үшін (Украинаға басып кірген әрекетін Ресей осылай атайды) жазадан босатылған.
2022 жылы қазан айында Белгородтың аудандық соты Михаэлисті он жарым жылға соттап, қатаң режимдегі колонияға жіберген. Қылмыстық істің материалына қарағанда, ол "Украинадағы арнайы операцияға байланысты" дау кезінде танысын ұрып өлтірген.
Михаэлис оған дейін де бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған: 2014 жылы "адам денсаулығына ауыр зардап келтіргені" үшін, 2017 жылы "есірткі пайдаланғаны" үшін, 2018 жылы әкімшілік бақылаудан жалтарғаны үшін сотталған.
Адам өлтіргені үшін сотталып, түрмеге қамалған соң Михаэлис Украинадағы соғысқа баруға келісім беріп, майданға аттанған. Арада жарты жыл өткенде Ресей президентінің жарлығымен рақымшылыққа іліккен.
ПІКІРЛЕР