Accessibility links

Атырау облысында 38 киік өлексесі табылды. Полиция тергеуді бастады


Атырау облысы Махамбет ауданында табылған киік өлекселері. (Скриншот)
Атырау облысы Махамбет ауданында табылған киік өлекселері. (Скриншот)

Атырау облысы Махамбет ауданында мүйізі кесіліп, ішек-қарны ақтарылған 38 киіктің өлексесі табылды. Киіктер неден өлгені белгісіз, полиция тергеу бастады.

Таңдай ауылдық округінің Қалмақты елді мекенінде жайрап жатқан киік денелерін малшылар тапқан. Олар мұны Атырау облыстық мәслихат депутаты Бақыт Қаметовке 25 қаңтарда хабарлаған. Киіктер нақты қай күні өлгені белгісіз. 26 қаңтарда депутат әлеуметтік желіде бұл жөнінде бірнеше видео жариялады.

Видеолардың бірінде киіктер мүйізі кесілген, ішек-қарны жарылған күйі жатқаны айтылады. Жергілікті тұрғындардың сөзіне сілтеген депутат киіктерді "25 қаңтар күні орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мемлекеттік қызметкерлері мен аңшылары атып кеткен" деп жазды.

"Заңсыз атылған киік. Бұл жалғыз осы жерде емес, тағы бірнеше жерде: сайдың бойында, каналдардың бойында [бар], осылай бәрін атып-атып мүйіздерін кесіп тастаған" дейді депутат видеода. Ол бөкендер Қазақстанда жүріп жатқан "киік санын азайту" науқанының аясында атылған деген тұжырым жасайды.

Ол полиция қызметкерлерін оқиға орнына алып келгенін айтады.

Қазір далада табылған 38 киіктің өлексесі бойынша Махамбет аудандық полиция бөлімі "Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерін аулаумен заңсыз айналысу" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 339-бабының 2-бөлігімен) қылмыстық іс қозғады.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет депутат Қаметовтен 26 қаңтар күні осы оқиға бойынша арыз түскенін, полиция қызметкерлерімен бірге оқиға орнына барып, бірге тексергенін растады. "Қазір тергеу жүріп жатыр. Басқа мәлімет айтылмайды. Барлығы 38 бас киік өлексесі табылған. Соның 36-сының қарны жарылған. Қалған екеуі бүтін. Оқ ізі бар-жоғын тергеу анықтайды" деді Мейірім Ердәулет Азаттыққа.

Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі инспекцияcы басшысы Ризабек Дәулетов бұл оқиғаға өздерінің қатысы жоғын айтады. Ол экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне ақпараттық хат жолдаған. Дәулетовтің сөзінше, мәслихат депутаты "телефонмен сөйлескен кезде ішек-қарны алып тасталған киік өлекселерін нақты кім тастап кеткені білмейтінін" айтқан. Бақыт Қаметов әлеуметтік желіде жарияланған видеода барлығы бар екенін айтып, Азаттыққа пікір беруден бас тартты.

Былтыр күзде Қазақстан экология министрлігі "киік ауыл шаруашылығына зиян тигізіп жатыр" деп, оның санын азайту үшін атуға рұқсат берген. Үкімет кейінгі 25 жылда киік саны 2 миллионға жетті дейді.

Құзырлы органдар киік санын реттеуді "Охотзоопром" инспекторларына тапсырған. Олар жабайы аңды атып, ішек-қарнын алып тастаған соң денесі ветеринарлық бақылау үшін ет комбинаттарына жіберілетінін, содан соң сатылымға шығарылатынын, ал мүйіздері "Охотзоопром" мекемесінде арнайы тәртіппен нөмірленіп, қатталатынын айтқан.

Үкіметтің киік ату және аулау шешімі қоғамда қарсылық туғызып, экологтар мен ғалымдар бұған қарсы шыққан. Ауыл-аймақтағы халық дала "қанға боялып", "киік атылған жерінде қалып жатқанын" айтқан.

Билік киік атуға рұқсат берердің алдында ақбөкенді "Қызыл кітаптан" алып тастаған. Бұл шешімнің алдында Қазақстан жергілікті және халықаралық ұйымдармен браконьерлікпен күресті күшейтіп, қорғалатын жерлердің аумағын кеңейткен еді.

Атырау облысында киіктерді реттеу, яғни ату 16 қаңтарда басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG