Еуропа одағының елшілері Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен табысты Украинаны қалпына келтіруге пайдалану туралы Еуропа комиссиясының ұсынысына алдын ала келісім беріп отыр. Бұл жөнінде 29 қаңтарда Бельгияның Еуроодақ кеңесіндегі өкілдігі хабарлады.
Азат Еуропа/ Азаттық радиосының Еуропа мәселелері бойынша тілшісі Рикард Йозвяктың хабарына қарағанда, бұғатталған Ресей активтерінен түсетін табыс дербес шотқа аударылатын болады.
"Енді ақшаны Украинаға жіберу ғана қалып тұр" дейді Йозвяк.
Бұған дейін АҚШ сенатының қаржы комитеті де Ресейдің бұғатталған активтерін кәмпескелеу туралы заң жобасына қолдау көрсеткен. Егер жоба қабылданса, АҚШ бұл активтерді Украинаға өтемақы ретінде береді.
Мәскеу Ресей активтері бұғатталып, кәмпескеленетін болса, ол елдерге қарсы соған ұқсас шара қабылдайтынын мәлімдеген.
- Украинаға басып кіргені үшін АҚШ, Еуропа одағы, Канада мен Жапония 300 миллиард долларға жуық Ресей активін бұғаттаған болатын.
- Санкция салынған Ресей активтерінің үлкен бөлігі Еуропада. Еуропа одағы әзірге оны кәмпескелеудің заңдық тетігін жасаған жоқ, бірақ бұғатталған активтерден түскен табысты Украинаға берудің жолдарын іздестіріп жатыр.
ПІКІРЛЕР