Accessibility links

Өзбекстанда тағы бір блогер бес жылға сотталды


Өзбекстанда Қашқадария облысы Нишан аудандық соты 29 қаңтарда намангандық блогер Әбдіхәкім Әбжәлиловке үкім шығарды.

«Қашқадария облысындағы соттар» телеграм-арнасының хабарлауынша, Әбжәлилов «ақша бопсалады» деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айрылды.

Сот үкіміне сәйкес, «Achchiq haqiqat» («Ащы шындық») қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әбжәлилов жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді.

49 жастағы намангандық блогерді не себепті Қашқадария облысында соттағаны белгісіз.

2023 жылы Өзбекстанда бірнеше блогер мен журналист сотталды. Атап айтқанда, блогер Олимжон Хайдаров сегіз жылға бас бостандығынан айрылды. Блогер Лемара Мирзаахмедова 7,5 жыл түрмеге кесілген. Былтыр желтоқсанда Әндіжан облыстық соты блогер Отабек Ахлиддиновті 7,1 жылға соттау жөнінде үкім шығарды.

2023 жылы «Ko'zgu» («Айна») YouTube-арнасының авторы Әбдіқадыр Мүмінов алаяқтық жасады, ақша бопсалады деген айыптармен 7 жыл 3 айға бас бостандығынан айрылды.

2023 жылы «KompromatUzb» телеграм-арнасына қатысты іс аясында журналист Хуршид Дәлиев – 7 жылға, «Өзбекмұнайгаз» баспасөз хатшысы Сиевуш Хошимов – 7 жылға, еңбек министрлігінің бұрынғы баспасөз хатшысы Мавжуда Мирзаева 5 жылға сотталды.

Былтыр 26 қазанда Самарқан облыстық соты 19 жастағы блогер Ділшәт Искандаровты екі жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Сотталғандардың басым бөлігі елдегі мәселелерге үкіметті кінәлап, президент Шавкат Мирзияев пен оның жоғары қызметте отырған отбасы мүшелерін сынаған.

2023 жылы Өзбекстан «Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз еркіндігіне қатысты рейтингінде төрт саты төмендеп, 137-орынға жайғасты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG