Accessibility links

Transparency International: Қазақстан жемқорлық жайлаған елдер қатарында қалды


Жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымы 2023 жылдың Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша Жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Бұл рейтингіде Қазақстанның көрсеткіші былтырмен салыстырғанда үш сатыға жоғарылаған, алайда ел әлемдегі жемқорлық жайлаған елдер қатарында қалды.

Қазақстанның көрсеткіші – 39 балл. Жемқорлықтың ең сорақы деңгейі 0 балл болса, 100 балл алған елдерде ол мүлде жоқ деген сөз. Былтырғы тізімде Қазақстанның көрсеткіші 36 балл болған еді. Қазақстан 180 елдің арасында 93 орында тұр.

Есепте Қазақстан "жемқорлықпен күресте оның ішінде, құқықтық реформа жүргізу және ұрланған активтерді қайтару жағынан белгілі бір жетістіктерді көрсетіп жатыр" деп жазылған.

Ұйымның мәліметінше, Қазақстанның рейтингіде үш сатыға көтерілуіне Қаңтар оқиғасынан кейін азаматтық белсенділіктің артуы ықпал еткен. Халық арасында белсенділіктің артуы билікті "жемқорлыққа қарсы бірқатар реформа жүргізуге" итермелеген.

"Алайда мұндай талпынысқа сот жүйесінің ашықтығы мен тәуелсіздігінің жоқтығы, оған қоса авторитарлық режим нұқсан келтіреді. Ықпалды саяси элитаның үздіксіз қысымымен бірге осының бәрі сыбайлас жемқорлықтың өркендеуінежол ашады. Алға жылжу үшін Қазақстанға инклюзивті, ашық және саясат араласпаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар, сонымен бірге ауқымды демократиялық реформалар қажет" деп жазылған есепте.

Ұйымның сайтында Transparency International Kazakhstan ұйымының төрағасы Айдар Егеубаевтың пікірі берілген.

"Азаматтық қоғам ояна бастады. Қоғам жемқорлықпен күресте белсенділігінен таймаса, әсіресе мұнай саласында, болашақ ұрпақ үшін оң ілгерілеушілікті көре аламыз" деді Егеубаев.

Қазақстан билігі жыл сайын жемқорлықпен күресті күшейтеміз дегенімен елде шенеуніктер арасында пара алу, бюджет ақшасын жымқыру фактілері жиі болады. Елде жемқорлықпен сотталған шенеуніктердің рақымшылықпен босап шығуы немесе айыппұл төлеуі жиі кездеседі.

2023 жылы Қазақстанның ақпарат кеңістігінде "елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару" жұмысының нәтижесі ретінде көрсетілген мәліметтер жиі жарияланды. Былтыр сәуір айында Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары мәлімдемесінде Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару процесі ашық жүргізілмей отырғанын, процесс құпияланғанын жазған. Қордың сарапшылары активтерді қайтару процесі құпия бола берсе, олигархтар мен шикізат алпауыттары арасында "тиісуге болмайтын" адамдардың тізімі жасалуы мүмкін, "заңмен құқығы мүлде шектелмеген" көлеңкелі топтар пайда болуы ықтимал деген қауіп айтқан. Ал ресми Астана мұндай сынмен келіспейтінін, Қазақстан 670 млрд теңгеден астам қаражатты елге қайтарғанын мәлімдеген.

Есепте 26 балл алған Қазақстанның көршісі Қырғызстан 180 елдің ішінде 141-орында тұр. Есеп авторлары Қырғызстанды "сот жүйесі режимге наразыларды қудалау үшін пайдаланатын" авторитаризм шоғырланған ел деп атаған.

33 балл алған Өзбекстан рейтингіде 121-орында тұр. Есеп авторлары Өзбекстанды жемқорлықты қабылдау индексіндегі көрсеткішін "едәуір жақсартқан" ел ретінде атаған. Оған "ықпал еткен шаралар" арасында жемқорлықпен күрес агенттігін құру, заңнаманы жетілдіру, экономикадағы бірқатар шектеулерді алып тастау, шенеуніктерді жемқорлық бойынша жазалау сияқты шаралар бар.

"Дегенмен авторитарлық режим ашықтық пен демократиялық принциптерді енгізуге, заң шығарушы және қоғамдық институттарға бақылауды жүзеге асыруға және диссиденттерді қудалау үшін сот төрелігі жүйесін пайдалану әрекеттеріне бөгет жасап жатыр" деп жазылған баяндамада.

XS
SM
MD
LG