Accessibility links

Алматыда екі балдық жер сілкінісі болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы өткен тәулікте Қытайда алты жер сілкінісін тіркеді, бірі Қазақстан аумағында сезілді.

Қазақстан аумағында сезілген жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 4:27-де болған. Зілзала ошағы – Алматының оңтүстік-шығысына қарай 293 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық классы – 13.3. Магнитудасы - 5.8. Тереңдігі - 10 шақырым. МSК-64 шкаласы бойынша Алматыда 2 балдық жер сілкінісі сезілген.

Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат жоқ.

23 қаңтарда түнде Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан. Кейбірі жылы киім киіп те үлгермеген. Жекелеген аудандарда куәгерлердің сөзінше, көлік кептелісі болған. Ақпаратқа қарағанда, кейбір тұрғындар көп қабатты тұрғын үйлерінен басқа жаққа кетпек болған.

Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, жер сілкінісін сейсмикалық станция желісі 23 қаңтар сағат 00:09-да тіркеген. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болған. Жер дүмпуінің магнитудасы – 6,7. Энергетикалық классы – 15,1. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, МSК-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болған.

Ал АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі – Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан, Шыңжаң провинциясының Айкөл қаласынан 129 шақырым жерде орналасқан. Магнитудасы – 7 балл.

Жер сілкінісінен кейін Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы 70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады.

Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, Алматы мен Шымкенттен бөлек, жер сілкінісі Астана қаласында, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында сезілген.

Жер сілкінісінен кейін қала тұрғындары зілзала туралы ескерту хабарлама болмағанына шағымданған. Төтенше жағдай департаменті мамандары "халықты дүрліктіргісі келмегендіктен" дабыл қоспағанын айтты.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG