Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қаңтар оқиғасы кезінде күштік құрылымдардың бір-бірімен атысқаны жөнінде ақпаратқа реакция білдірді.
Бұған дейін Азаттыққа сұхбат берген ҰҚК шекара академиясының бұрынғы оқытушысы Ғалымжан Сәдуақасов "Қаңтар оқиғасы кезінде Көктөбеде полиция мен шекарашылар атысқанын" айтып, "Қаңтар оқиғасы күш құрылымдарының нақты қауіп-қатерді тойтаруға дайын еместігін көрсетті" деп мәлімдеген. Осыдан кейін қоғамда Қазақстан әскерінің әскери дайындығына қатысты түрлі сұрақтар туындаған.
"Енді ол әркім әртүрі айта береді бірнеше жыл өткеннен кейін... Мен оны [сұхбатты] көрдім. ...Оған заңды баға беріледі. Жан жақты тексереміз" деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министр.
Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік БАҚ "Алматыдағы телемұнараны бандиттер басып алмақ болғанын, оларға шекарашылар қарсы тұрып, шабуылды тойтарғанын" хабарлаған.
Азаттыққа берген сұхбатында ҰҚК шекара академиясының бұрынғы оқытушысы Ғалымжан Сәдуақасов шындығында Көктөбеде шекарашылар мен ішкі істер министрлігі бөлімшелері арасында атыс болғанын, бұл қарулы күш сарбаздары төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керегін білмегенін көрсетті деген. Көктөбедегі атыстан бір адам қаза болған.
Ғалымжан Сәдуақасов ұрыс кезінде жараланған жігітті көргенге дейін лаңкестермен соғысып жатырмыз деп ойлағанын айтады. Полицияға "ат" деген бұйрықты кім бергенін әлі күнге түсінбейді.
Сәдуақасов елдің Қарулы күштерінде, оның ішінде Шекара академиясында да шұғыл түрде реформа жүргізу қажет деп санайды. Қазір әскер "жаппай формализмнен" жапа шегіп отыр, қызметкерлер күні бойы өз жұмысын істемейді, ал айдың аяғында есеп тапсыру үшін "сандарды бере салады" дейді запастағы подполковник.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа жіберген жауабында Көктөбедегі атысты не растамаған, не теріске шығармаған. Комитет өкілдері Қаңтар оқиғасынан кейін Шекара академиясының басшылығы "ЖОО-ны техникалық жағынан қорғауға арналған бірқатар шаралар атқарылғанын, курсанттарды кәсіби даярлау процесі қайта қаралғанын, оқу процесінің өзі "Мемлекеттік білім беру стандарттарына сай жүзеге асырылатынын" мәлімдеген.
Қанды Қаңтар кезінде кемінде 238 адам қаза болған, 19-ы – күштік құрылым қызметкері. Билік күштік құрылымдар "террористердің шабуылына тойтарыс берді" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР