Accessibility links

Вице-министр Азаттық журналистеріне аккредитация берілмегендігі туралы сұраққа жауап бермеді


Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко

31 қаңтарда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәжіліс кулуарында Азаттық журналистеріне аккредитация берілмегендігі туралы сұраққа жауап бермеді.

Ол жауап берудің орнына ведомствоның баспасөз қызметіне қайырылуды өтінді.

Қазіргі кезде Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар. Редакция барлық құжаттарды бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі осы жылы аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлігін шешімін негіздеуі тиіс. Ал уәкілетті орган мұны заңмен қарастырылған мерзімде орындаған жоқ.

2023 жылы қыркүйек пен қазанда Азаттық 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған.

Қазан айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дауды медиация тәртібімен шешу туралы келісімді бекіткен. Оған сәйкес, министрлік жауапты 2023 жылдың 27 желтоқсанына дейін беруге тиіс болған. Жауап 2024 жылы 3 қаңтарда келіп түсті. Онда Қазақстан СІМ Азаттыққа тілшілеріне аккредитация бермейтінін хабарлады.

30 қаңтарда Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсірді.

Арызда өкілдік Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Министрлікке қарсы шағым 2024 жылдың 3 қаңтарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "өкілдіктің 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат келгеннен кейін түсірілген.

Азаттық журналистеріне аккредитация берілмей отырған шақта парламентте үкіметтің "Масс-медиа туралы" заң жобасы қаралып жатыр. Өткен аптада парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заңға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынған. Ол бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Ал аккредитациясы жоқ журналистердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Бұл ақпарат Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдерін, саясаттанушылар мен журналистерді, қарапайым желі қолданушыларын бей-жай қалдырмады. Әлеуметтік желіде "бұл – Азаттықты ығыстырып шығару не тіпті жауып тастау әрекеті" деген пікір көбейіп, #менАзаттықпын деген хэштегпен посттар жарияланып жатыр.

XS
SM
MD
LG