Accessibility links

Депутаттар "Масс-медиа туралы" заң жобасына ұсынылған даулы түзетулер туралы айтты


Мәжіліс депутаты Никита Шаталов
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов

"Масс-медиа туралы" заң жобасына ұсынылып отырған даулы түзетулердің авторлары, атап айтқанда мәжіліс депутаттары Никита Шаталов пен Анас Баққожаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Өткен аптада парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заңға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынған. Ол бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Ал аккредитациясы жоқ журналистердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Кейбір медиа сарапшылары бұл түзету осы күйде қабылданса, "ақпарат құралдарын шектейтін құралға айналуы мүмкін" деп қауіптенген.

31 қаңтарда мәжіліс кулуарында журналистер Никита Шаталовтан "Мұндай ұсыныс жайдан-жай туындамасы анық. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген шетел ақпарат құралдарын нақты атай аласыз ба? Нақты мысал келтіресіз бе?" деп сұрады. Журналистер қайталап сұрағаннан кейін депутат осыдан шамамен 10 жыл бұрын ресейлік "Медузада" жарияланған материалдан басқа жайтты есіне түсіре алмады.

Депутат нақты "анализ жасалмағанын", ұсыныс Қазақстанның "ақпараттық кеңістігін бақылаудан кейін" туындаған нәрсе деді.

– Мен үшін маңызды негіз – бұл қазіргі геосаяси жағдай. Екіншіден, ақпараттық кеңістіктің ахуалы. Бәрі ашық бола түскен жағдайда түрлі нарративтер қаупі туындайды. Бұл – өте маңызды фактор. Мұны жоққа шығармай-ақ қояйық. Қандай да бір журналист келіп, ұлтаралық қақтығысты қоздыруы ықтимал. Сондай кезде СІМ-нің оның аккредитациясын тоқтатып, жұмыс істеуіне тыйым салуына нақты мүмкіндігі болады. Бұл заң жекелеген ақпарат құралдары немесе журналистерге қарсы бағытталып отырған жоқ. Бізге қажет кезде жауап бере алатын алдын ала шара керек, – деді Никита Шаталов.

"Масс-медиа туралы" заңға өзгеріс енгізуді ұсынған адамдардың бірі, мәжіліс депутаты Анас Баққожаев "заңнамалық өзгеріс тек ұсыныс сипатында болды және одан қорқатын түгі жоқ" дейді

– Мен өз позициямды, мандатымды пайдаланып, ұсыныс енгіздім. Жұмыс тобында талқыланды. Ол қатып қалған нәрсе емес қой. Алдағы уақытта комитет қарастырады, кейін пленарлық отырыс болады. Егер басқа депутаттардан қолдау таппаса, ұсыным өтпейді. Одан қорқатын түгі де жоқ. Бұл – тек қана ұсыныс, – деді Баққожаев.

Депутат Айдос Сарым "нақты жағдайда Азаттық істеп жатқанын", "ешқандай мәселе жоқтығын" айтты.

– Аккредитация бойынша — Азаттықтың 36 журналисінен басқа да журналистері бар ғой. Азаттық қазір де бүкіл облыстарда журналистері аккредиттелген, жұмыс істеп жатыр. Репортаждарын оқып жатырмыз. Қандай мәселе бар? Меніңше, Азаттық өзін қатты жақсы көреді, сондықтан кез келген қабылданған заңды өзіне қарсы әрекет деп қабылдайтын сияқты, – деді Айдос Сарым.

Аталған даулы түзету Азаттық журналистеріне аккредитация берілмей отырған шақта талқыланып жатыр. Түзету қазіргі күйінде қабылданса, аккредитациясы жоқ шетел ақпарат құралдарының Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынбақ.

Қазір Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар. Редакция барлық құжаттарды бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі биыл аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлік шешімін негіздеуі тиіс. Ал уәкілетті орган мұны заңмен қарастырылған мерзімде орындаған жоқ.

2023 жылы қыркүйек пен қазанда Азаттық 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған.

Қазан айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дауды медиация тәртібімен шешу туралы келісімді бекіткен. Оған сәйкес, министрлік жауапты 2023 жылдың 30 желтоқсанына дейін беруге тиіс болған. Жауап 2024 жылы 3 қаңтарда келіп түсті. Онда Қазақстан СІМ Азаттыққа тілшілеріне аккредитация бермейтінін хабарлады.

30 қаңтарда Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсірді.

Арызда өкілдік Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Министрлікке қарсы шағым 2024 жылдың 3 қаңтарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "өкілдіктің 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат келгеннен кейін түсірілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG