Accessibility links

BBC: Ресей Өзбекстаннан мақта шикізатын тонналап импорттап жатыр


Ресей оқ-дәрі және снаряд шығару үшін Өзбекстаннан мақта целлюлозасын тонналап импорттап жатыр.

BBC телеарнасының Орыс қызметі журналистерінің зерттеуінде осындай мәлімет жарияланды. Мақта целлюлозасы оқ-дәрі мен снаряд өндірісінде шикізат ретінде пайдаланылады.

«Важные истории», Vlast.Kz және Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу жөніндегі орталығы (OCCRP) бірлесіп жүргізген зерттеуде Украинада соғыс басталғалы бері астыртын сауда көлемі еселеп артқаны айтылған.

2020 жылы Өзбекстан мемлекеттік қорғаныс өндірісі комитеті Қазан оқ-дәрі зауытымен келісімге отырған. Татарстан сауда министрлігі таратқан ресми мәліметке қарағанда, Ресей Өзбекстанға – оқ-дәрі жеткізуге, ал Өзбекстан Ресейге мақта целлюлозасын беруге келіскен.

2019 жылы Қазан оқ-дәрі зауыты Өзбекстаннан – 48 тонна мақта целлюлозасын, ал 2022 жылы және 2023 жылдың басында Ферғана химия комбинатынан 2,1 млн долларға 1225 тонна шикізат сатып алған. Осы мәліметтерге қарап-ақ сауда 2019 жылдан бастап 25 есе ұлғайғанын байқауға болады.

Ферғана химия зауыты Ресейдегі басқа да әскери зауыттарға шикізат жеткізіп отыр. Мысалы, Перм оқ-дәрі зауыты 26 тонна, ал Алексинск химия зауыты 79 тонна целлюлоза сатып алған.

Өзбек шикізатын сатып алғандар арасында Тамбов оқ-дәрі зауыты да бар. 2022 жылы бұл зауыт Өзбекстандағы Raw materials cellulose компаниясымен 253 тонна целлюлоза сатып алу жөнінде келісімге отырған.

Журналистердің зерттеуіне қарағанда, 2022 жылы Өзбекстандағы фирмалар Ресейге 5 млн долларға, ал 2023 жылдың тоғыз айында 8,7 млн долларға мақта целлюлозасын жеткізген. Ресей осы шикізаттың жартысынан астамын Өзбекстаннан алып отырған. Қалған бөлігі Қазақстаннан импортталады.

Мақта өндірісі Өзбекстан экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет әлі күнге дейін экономиканың осы саласын бақылауда ұстап отыр, деп жазды ВВС телеарнасының Орыс қызметі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG