Accessibility links

Украина әскери барлауының басшысы: Ресей шабуылы көктемде "толық әлсірейді"


Украина әскери барлауының басшысы Кирилл Буданов
Украина әскери барлауының басшысы Кирилл Буданов

Украина қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов Украина армиясының көктемде жаңа қарымта шабуылға шығу жоспары барын айтты. Оған дейін Ресей әскерінің қазіргі шабуылы "толық әлсірейді", "сол кезде біздің кезегіміз келеді" дейді ол 31 қаңтарда The Telegraph басылымы жариялаған сұхбатта.

Будановтың сөзінше, Ресей әскері Украинаның шығысын жаулап алу ниетінен қайтпай отыр. Мысалы, олар Купянск, Лиман, Бахмут және Авдеевка бағыттарында бір мезгілде шабуылға шығуды жалғастырып жатыр. Украина әскери барлауының басшысы Ресей армиясының Авдеевка маңында "біраз жетістікке" жеткенін мойындады, бірақ "бұл қарсыластың армиясы көздегенінен мүлде басқаша" деді ол.

Украина армиясы 2023 жылы жазда бастаған қарымта шабуыл да шектеулі жетістіктерге жеткізді деп жазады басылым. Қазір Украина қарулы күштері "белсенді қорғанысқа" көшіп, мықты қорғаныс шептерін салумен айналысып жатыр.

1 ақпанда CNN дерек көзіне сүйеніп, Украина президенті Владимир Зеленский осы аптаның аяғында елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйды қызметтен босату туралы жарлыққа қол қояды деп хабарлады.

Washington Post басылымының дерегінше, 29 қаңтарда Зеленский Залужныймен кездесіп, оған украиндар әскери іс-қимылдан қажыды, Батыстағы серіктестер әскери көмекті азайтты, ал ауыс-түйіс қазіргі қалыптасқан жағдайды өзгертуі мүмкін деген уәж айтқан.

CNN ақпараты бойынша, Залужныйдың орнына келуі мүмкін әскери тұлғалардың арасында әскери барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов пен Украина жаяу әскерінің қолбасшысы Александр Сырский бар.

Украина мен Батыс басылымдары кейінгі кезде Украина президенті Владимир Зеленский мен қарулы күштер бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың арасындағы келіспеушілік бары туралы оқта-текте жазып жүр. 29 қаңтарда "Залужный қызметінен босатылады екен" деген қауесет тараған. Украина президентінің кеңсесі ол ақпаратты терістеген.

Былтыр қарашаның басында The Economist журналы Залужныймен сұхбатты жариялаған. Онда Залужный соғыс тығырыққа тірелгенін, әскери іс-қимылдар позициялық шайқасқа ауысып, соғыс ұзаққа созылып кетуі мүмкін екенін мойындаған. Ал Зеленский болса, майдандағы жағдайды "тығырық" деп есептемейтінін мәлімдеген. Желтоқсанның аяғында Украина президенті қарулы күштер бас қолбасшысымен екеуінің "жұмыс барысындағы қарым-қатынасы" туралы айтқан.

"Ол бас қолбасшы ретінде майдандағы нәтижеге Бас штабпен бірге жауап беруге тиіс, көп мәселе бар…" деген Зеленский. Залужныйды қызметінен алу туралы жоспарыңыз бар ма деген сауалға президент: "Жұмыс істеуді жоспарлап отырмын" деп жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG