Accessibility links

Еуроодақтың барлық елі Украинаға 50 млрд еуро көмек беруге келісті


Еуроодақ елдері басшыларының саммиті. Брюссель, 1 ақпан, 2024 жыл.
Еуроодақ елдері басшыларының саммиті. Брюссель, 1 ақпан, 2024 жыл.

Еуропа одағының барлық 27 мүшесі бейсенбі Брюссельде өткен саммитте Украинаға 50 млрд еуро көлемінде қосымша көмек беруге келісті. Қаражат Еуроодақтың 2027 жылға дейін бекітілген ортақ бюджетінен бөлінеді.

Бұл жөнінде Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель Х әлеуметтік желісінде хабарлады. Бұл қадам "Украинаны тұрақты, ұзақ әрі болжалды түрде қаржыландыруға мүмкіндік береді" деді ол. "Украинаны қолдау жөнінен лидерлік пен жауапкершілікті Еуроодақ өз мойнына алады" деді Мишель.

Еуроодақ басшылары Киевке көмек пакеті бойынша шешім қабылдауға былтырғы желтоқсаннан бері қарсы болып келе жатқан Венгрияны көндірді. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Кремльге жақын саясаткер саналады.

Reuters агенттігінің жазуынша, саммит қарсаңында Еуроодақ ішінде Венгрияға қатты қысым болған. Орбанға Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жағдайында екі жақтың бірін таңдау керек деген шарт қойылған делінеді.

Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа басшыларының шешімі туралы айта келе Еуроодақтың бұл қаржылай көмегі елдің ұзақмерзімді экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі деді. "Әскери көмек пен Ресейге санкциялық қысым тәрізді бұл да өте маңызды" деді ол.

Немістің dpa агенттігінің хабарлауынша, Еуроодақ басшылары Украинаға берілетін көмекті бөлісу бойынша жыл сайын пікірсайыс ұйымдастырып отыруға уағдаласқан. Қажет болған жағдайда Еуропа кеңесі екі жылдан соң қаржыландыруды қайта қарау туралы мәселе қоя алады.

Венгрия үкіметінің басшысы Орбан соңғы кездері шешім әр жыл сайын қайта қаралып отырған жағдайда 50 млрд доллар қаржы бөлу мәселесін қолдауға дайын екенін айтып келген.

  • Украина басшылығы Ресей агрессиясын қайтару үшін қару-жараққа қатты мұқтаж екенін бірнеше айдан бері айтып келеді.
  • АҚШ-та Украинаға 60 млрд доллар қаржылай көмек беру жоспарына Конгресстегі Республикалық партия қарсы болып келеді. Олар қаржы бөлу үшін алдымен иммиграцияны шектеу бойынша шара қолдану керек деген шарт қойып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG