Accessibility links

Қаңтар оқиғасы жайлы тағы бір кітап авторы "цензураға ұшырағанын" мәлімдеді


"Стратегия" қоғамдық қоры шығарған Қаңтар оқиғасы жайлы кітаптың мұқабасы. Гүлмира Илеуованың Facebook парақшасынан алынды.
"Стратегия" қоғамдық қоры шығарған Қаңтар оқиғасы жайлы кітаптың мұқабасы. Гүлмира Илеуованың Facebook парақшасынан алынды.

Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова Қаңтар жайлы кітабын кітап дүкендері қабылдамай отырғанын мәлімдеді. Он күн бұрын ол өзі жетекшілік ететін "Стратегия" қоғамдық қоры Қаңтар жайлы кітапты басып шығарғанын хабарлаған.

"Көбі менен Қаңтар оқиғалары жайлы кітабымызды қайдан сатып алуға болатынын сұрап жатыр. Өкінішке қарай, еш жерден. Біздің Конституциямыздың 20-бабы цензураға тыйым салады. Кітапты баса алғанмен кітап дүкендері оларды сатуға қабылдамай жатыр – тіке сұрайды: цензурадан өттіңіздер ме, рұқсаттарыңыз бар ма деп. Немесе "бұл саясат, оған араласпаймыз" дейді. Қай жерде оған рұқсат береді, соны білгім келеді. Ашаршылық, 86-жыл (Желтоқсан оқиғасы - ред. ) туралы кітаптарды сатуға кім рұқсат береді?" деп жазды әлеуметтанушы.

Оның сөзінше, кітап 4,5 және 6 қаңтар күнгі оқиғалардың 60 шақты куәгері мен қатысушыларының сөзінен құралған.

Зерттеу орталығының жетекшісі 2 ақпанда әлеуметтік желіде цензура туралы айтқаннан кейін қолданушылар, әріптестері түрлі пікір айтып, кеңес бере бастады. Арасында кітаптың электронды нұсқасын шығару туралы да ұсыныс болды.

Түстен кейін Гүлмира Илеуова "кітапты кеңседен сату үшін касса аппараттарын сатып алатынын" жазды.

2 ақпанда Азаттық елдегі ірі кітап дүкендеріне, оның ішінде "Меломан" мен Flip.kz интернет-дүкеніне де хабарласып көрді. "Меломанның" интернетте көрсетілген телефонына хабарласқанда өзін қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Станислав Антонов деп таныстырған қызметкер "сұраққа жауап бере алмайтынын, жауап бере алатындар басқа жақта" отыратынын айтты. Бірақ олардың телефондарын беруден бас тартты. Ал Flip.kz сайтындағы нөмірлерге хабарласқанымызда есімін Мөлдір деп таныстырған қызметкер "бізге ол автордан өтініш келді ме, келмеді де, білмеймін, бірақ тексеріп көрейін" деді. Ол интернет-дүкенде саяси мазмұндағы кітаптар да сатылатынын, оған тыйым жоғын айтты.

Жуырда журналист Данияр Молдабеков те барлық типография Қаңтар жайлы кітабын басудан бас тартқанын хабарлаған. Ол баспаға "құқық қорғау органдары" шығып, кітапты "оқып көру" үшін сұрағанын айтқан. Журналист мұны қысым деп бағалаған еді. Ал органдар ақпаратқа түсініктеме бермеген. Ол жылдың басында Қаңтар жайлы кітабы жарық көретінін, алдын ала тапсырыс беруге болатынын да хабарлаған.

"Мен оны осыдан тура екі жыл бұрын жаза бастадым, ол кезде терезенің ар жағында автоматтар кезек-кезек атылып, алаңда отандастарымыздың мәйіті жатқан еді..." деп жазған еді журналист жылдың басында.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы жайлы Қазақстанда санаулы кітап жарық көрген және сарапшылар көбінде "Қаңтар оқиғасы туралы ресми ақпарат сарыны басым" деген. Белсенділер мен құқық қорғаушылар Қаңтар шындығы ашылмады және оны ашуға қазіргі билік мүдделі емес деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG