Accessibility links

Киев Мәскеуден Ил-76 ұшағының апатында "қаза тапқан 65 тұтқынның мәйітін" сұраған


Ил-76 ұшағы құлаған жер. Белгород облысы.
Ил-76 ұшағы құлаған жер. Белгород облысы.

Киев Ресейден Белгород облысында құлаған Ил-76 әскери ұшағының бортында болған украиналық тұтқындардың мәйітін беруді бірнеше рет сұраған. Бірақ Мәскеу бұл өтінішке әлі жауап бермеген. Бұл туралы Украина бас барлау басқармасының басшысы Андрей Юсов телемарафонда мәлімдеді.

"Украинаның Ил-76 ұшағының құлау себебін халықаралық деңгейде тексеру талабы әлі күшінде. Бұған қоса бортта экипаждан бөлек басқа адамдар болды ма, мұны да тексеру керек" деді ол.

Юсов "біз Ресей Ил-76 ұшағында қаза тапты деп жариялаған украиналық 65 әскериді әлі де тұтқында деп есептейміз" деп мәлімдеді.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүгін, 2 ақпанда Киевтен Ил-76 ұшағында қаза тапқан украиналық тұтқындардың мәйітін қайтару туралы өтініш түскен жоқ деді.

Ресейдің Ил-76 үшағы 24 қаңтарда Белгород облысында құлаған еді. Ресейдің қорғаныс министрлігі ұшақты Украина америкалық Patriot зениттік жүйесімен атып түсірді деген. Мәскеу ұшақ бортында украиналық 65 тұтқын болғанын, барлығы қаза тапқанын айтқан.

Ресей бұл апатты теракт бабымен тергеп жатыр. Ал Украина "соғыс заңын бұзу" фактісі бойынша тергеу бастаған.

Украина барлау қызметі 24 қаңтарда Ресеймен тұтқын алмасу процесі жоспарланғанын растап, "бірақ Мәскеу Белгород облысы аумағындағы әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ескертпеді" деген.

Киев Ил-76 ұшағын атып түсіргенін жанама түрде мойындағанымен, бортта 65 украиналық тұтқын болғанын растамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG